Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы басталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ҚР Президентінің тапсырмасымен Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы басталды

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін көпір құрылысына биыл 1 млрд теңге бөлінгені хабарланған болатын.

«Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының дайындық жұмыстары басталып кетті. Аталған нысан бойынша өткен конкурстың жеңімпазы болған «ОблШығысЖол» ЖШС директорының құрылыс жөніндегі орынбасары Айдар Мамиевтің айтуынша, бүгінде көпірге дейінгі айналма жол салынды. Сонымен қатар геодезиялық, электр желісін тарту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Күршім ауданының әкімдігі.

Ендігі кезекте техникалық жол салынуда. Аталған жұмыстарға 5 самосвал, 2 бульдозер, 2 грейдер тартылған. Бұл жұмыстар бір ай көлемінде аяқталады.

«Көпір құрылысына тартылған жұмысшылар үшін 250 орындық жатақханасымен құрылыс қалашығы салынатын болады. Көпір құрылысын жүргізу бойынша жұмыстар бекітілген жоспарға сай атқарылады», - делінген мәліметте.

2020 жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметке Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.