Бұқтырмада көлігі мұз астына кетіп, жолаушының көз жұмуына себепкер болған жүргізушіге сот үкімі шықты
Былтыр 6 желтоқсан күні сағат 19.40 кезінде Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасында 5 адам отырған көлік мұз астына құлаған. Төртеуі көліктен шығып үлгеріп, 72 жастағы әйел суға батып кеткен еді.
Алайда әйелдің денесі бірден табылмады. Сүңгуірлерге ауаның төмен температурасы мен су астындағы қараңғылық қиындық келтірген. 8 желтоқсанда түскі уақытта әйелдің денесі табылды. Сол кезде барлығы 9 рет су астына түсу жұмыстары жүргізілді.
Осы оқиғадан соң Mersedes көлігінің жүргізушісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Белгілі болғандай, Зайсан ауданына қарай бара жатқан ер адам мұз үстінде жүруге тыйым салатын белгіні мүлде елемеген. Соның салдарынан көлік мұз астына құлады. Тергеу амалдары аяқталған соң іс Самар аудандық сотында қаралып, 2 наурыз күні үкім шықты.
«Айыпталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 3-бөлігімен (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) кінәлі деп танылды. Сотталушының асырауында кәмелетке толмаған баласының бары ескерілді. Сот шешімімен ол 2 жарым жылға түрмеге қамалып, бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.