Бұқтырмаға демалыс базасы маңында мұнай төгілген, кім төккені анықталып жатыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасына мұнай төгілуіне байланысты экологиялық тексеру аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

ШҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Бұқтырма су қоймасынан майлы дақ табылуына байланысты экологиялық тексеру мәресіне жетті.

Белгілі болғандай, мұнай Алтай ауданындағы «Аюда» демалыс базасының маңында төгілген.

«Демалыс базасы маңынан алынған су сынамасында мұнай өнімдерінің мөлшері нормадан 38,8 есе асып кеткені анықталды. Ал базаның сол жағынан алынған сынамада нормадан 24,2 есе асып отыр. Мұнай төгілген алаңның жалпы ауданы шамамен 50 мың шаршы метрді құрады», - делінген ақпаратта.

Осыған орай құрамына бүкіл құзырлы мемлекеттік орган өкілдері кіретін арнайы комиссиялық топ құрылды.

Су қоймасына мұнайды кім төккені анықталып жатыр. Заңға сәйкес, кінәлілер су қоймасының ластанған аймағын тазартуға міндеттеледі.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасынан майлы дақ табылып, экологиялық тексеру басталғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар