Бұл бүліктен гөрі бірлікті жоғары қойған сайлау болды - Дәулет Кәрібек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы, саясаттану ғылымдарының Phd докторы Дәулет Кәрібек Президент сайлауының нәтижесі жастардың көңілінен шыққанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Саясаттанушы сайлаудың Қазақстан халқын бұрынғыдан да біріктіре түскенін айтады.
«Орталық сайлау комиссиясы кешегі өткен сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады.
Бұл сайлаудан біздің ел ертеңіне деген жауапкершілігін сезіне білетін біртұтас ұлт екенімізді көрдік. Қазақстанды бұдан да қуатты мемлекетке айналдыру ниеті бәрімізді сайлауда біріктірді. Елдің арқасында, елдің берген дауысының арқасында Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіске жетті», - дейді ол.
«Жас Отан» өкілінің айтуынша, сайлау жеңімпазының ендігі міндеті - ел артқан сенімді ақтау.
«Бұл таңдау - әрбір азаматтың жеке таңдауы ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілігі. Ендігі міндет - осы елдің сенімін ақтау. Қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты көзіміздің қарашығындай сақтағанда ғана барша азаматтарымыздың өмірі жақсарады. Кешеден бері осы сайлауға сырт көз болып баға берген халықаралық байқаушылар оның барлық стандарттар мен нормаларға сай өткенін айтып жатыр. Ал мен бұл сайлауды бүліктен гөрі бірлікті жоғары қойған ел таңдауы болды деп атар едім», - дейді Дәулет Кәрібек.
Еске салсақ, кеше Қазақстандағы Президент сайлауын халықаралық байқаушылардың бірі «Барлық еуропалық стандарттарға сай өтті» деп бағалаған болатын.