Бұл дер шағында көтерілген бастама - Ахмет Мұрадов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастамасына саяси партиялар да, қоғамдық ұйымдар да, жалпы қазақстандықтар да қолдау білдіріп жатыр. Өз басым бұл дер шағында көтерілген бастама және өте орынды шешім деп есептеймін, дейді Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Ахмет Мұрадов ресми БАҚ-қа берген сұхбатында.
Оның айтуынша, жаһандық экономикалық дағдарыс, өзге де геосаяси жағдайлар жаңаша жұмыс істеуді қажет етіп отыр екен.
«Өткен кезеңде Мәжіліс заң шығарушы орган ретінде өнімді жұмыс істегенін баса айтқым келеді. Соның нәтижесінде депутаттар Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың заңнамалық негізін қалады. Бұған қоса, Елбасының 5 институттық реформасының әрқайсысын іске асыруға байланысты іс-шаралар кешенін жасауға атсалысты. Сондай-ақ, депутаттар барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын Мәжіліс сайлауымен бір күнде өткізуді ұсынып отыр. Құптайтын, қолдайтын мәселе. Өйткені, осы арқылы саяси науқанға жұмсалатын қаржының едәуір бөлігін үнемдеуге болады», дейді Ахмет Мұрадов.
ҚХА Кеңесінің мүшесі жаңа сайлау бола қалған жағдайда, өзге де саяси партиялардың сайлауға қатысу арқылы өздерінің бақтарын сынауларына мүмкіндік берілетіндігін тілге тиек етті.
«Бүгінде Парламентте үш партияның өкілдері бар. Егер жаңа сайлау бола қалған жағдайда, еліміздегі өзге де саяси партиялардың сайлауға қатысу арқылы өздерінің бақтарын сынауларына мүмкіндік берілмек. Жалпылай алғанда, сайлау билік пен азаматтың қоғам арасындағы байланысты қазіргіден де нығайтып, күрделі де ауқымды мәселелерді бірлесе отырып шешуге өзіндік ықпал етеді. Осының барлығы еліміздегі ішкі саяси бірлік пен келісімнің нығаюына, сөйтіп, кез келген сала бойынша үйлесімді жұмыс істеуге қажетті жағдайлар жасайды», деп атап өтті.