Бұл ең тамаша кез болатын – Тиктокер Татьяна Инюшина Қазақстандағы өмірі жайлы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде түрлі бағыттағы контент ұсынылады. Парақшада қызықты және креативті материалдар неғұрлым көп болса, соғұрлым оның танымалдығы артып, оқырмандары көбейеді. Әнші, блогер және тиктокер Татьяна Инюшина Қазақстанда 6 ай тұрды. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарын түрлі елдердің салт-дәстүрімен, тілі, әдет-ғұрыптарымен таныстырып отырады.

Пандемия әншінің өмірін түбегейлі өзгертті. Содан бері Татьяна Инюшина өз аудиториясының көңіл-күйін көтеруге тырысып келеді. ҚазАқпарат тілшісімен әңгіме барысында әнші қыз еліміздің көрікті жерлері және халықтың әлеуметтік желілерге деген қызығушылығы туралы ой бөлісті.

Пандемия кезеңі Татьяна Инюшинаның әлеуметтік желіде танымал болуына жол ашты. Содан бері блог жүргізу оның негізгі табыс түріне айналды. Геосаяси жағдайға байланысты Татьяна күйеуімен бірге өткен жылдың ақпан айында Қазақстанға келген. Кейін ол Алматы қаласында музыкалық топ құрып, еліміздің өңірлеріне гастрольдік сапар жасаған.

«Мен блогты екі жылдан бері жүргіземін. Барлығы онлайн режимге ауысқан кезде TikToк желісіндегі аккаунтымды белсенді жүргізе бастадым. Пандемияның алғашқы айында менің парақшама жазылушылар қатары артты. Барлығы осыдан басталған еді. Блогинг - тоқтаусыз режимдегі жұмыс. Бұл - үздіксіз процесс. Шабыт келгенде ролик түсіремін. Егер көңіл-күйім болмаса, екі күн қатарынан ештеңе түсірмей кетуім мүмкін. Блог - бұл бүкіл өмір. Мен өзге халықтардың тілдерінде ән айтамын, барған мемлекеттерімнің мәдениеті туралы баяндаймын», - дейді Татьяна Инюшина.

Блогерлердің әлеуметтік желіде жарнама арқылы ақша табатыны белгілі. Алайда, Татьяна мұндай тапсырыстарды көп ала бермейді екен.

«Инвестицияларды және басқасын жарнамалауды ұсынғандар болды. Бірақ бұл маған жат. Мен тек жарнама жасауға тұрарлық тапсырыстарға келісемін. Өйткені, мен өз аудиториямды құрметтеймін», - деп атап өтті тиктокер.

Татьянаның әлеуметтік желідегі оқырмандары әншінің өнерін жоғары бағалайды. Оның жарияланымдарына көпшілік «Сіз бұған дейін осындай талантты қайда жасырып жүрдіңіз?», «Қандай керемет дауыс?!», «Дауыс пен сырт келбеттің қандай әдемі үйлесімі» деген пікірлер қалдырған.

Татьяна көбіне ескі әндерді заманауи нұсқада өңдеп, тыңдарманға ұсынады. Сонымен бірге, өзге халықтардың тілінде көпшілік ұнатып тыңдайтын хит туындыларды орындайды.

«Музыка саласында көп тәжірибе жасағанды ұнатамын. Менің «MARFFA» деген жобам бар: онда ескі әндерді әр түрлі стильдермен араластырамын. Әсіресе, ескі әндердің заманауи интерпретациясы және әр түрлі елдердің фольклоры қызықтырады. Мен қай жерде болмасам да, сол халықтың мәдениеті бастау алатын қайнар көзіне еніп, әр ұлттың бейнесін сол арқылы танығанды жақсы көремін. Әрине, халықты білу үшін оның әндерін, ұлттық аспаптарын тыңдау керек», - деп тоқталды Татьяна Инюшина.

Ол Қазақстанға келгеннен кейін әлеуметтік желідегі оқырмандар саны өскенін атап өтті.

«Жарты жыл ішінде Қазақстаннан 400 мың адам менің парақшама жазылды. Қазақстан оқырман саны бойынша статистикада бірінші орында тұр. Қалалар бойынша Алматы көш бастап тұр. Одан кейінгі орында Астана, Мәскеу тіркелген оқырмандар саны жағынан үшінші орында. Қазақ көрермендерінің көңілінен шыққаныма қуаныштымын. Олар - мейірімді жандар және де менің ел жайлы айтқаным, жергілікті дәстүрді дәріптейтінімді ұнатады», - деп мәлім етті әнші.

Татьяна Қазақстанда тұрған кезі оның өміріндегі ең жарқын кезеңнің бірі екенін атап өтті.

«Бұл менің өмірімдегі ең тамаша 6 ай болды. Біз былтыр болған жайттан кейін Қазақстанға бас сауғалап келген едік. Бірақ нәтижесінде Қазақстан біз үшін екінші үйімізге айналды. Мұнда пайдалы уақыт өткізіп қоймай, алматылық музыканттармен керемет концерттер де ұйымдастырдық. Жағымды әсер алдым. Қазақстан өте сұлу табиғатымен, дәмді тағамдарымен есте қалды. Осы уақыт ішінде Алматыда үш концерт ұйымдастырылды, Талдықорғанда да өнер көрсеттік, фан-кездесулер өтті. Әсіресе, Ақтаудың пейзажына таң қалдым. Бұл Қазақстанның мүлдем басқа қыры. Мұнда да таулар бар, бірақ олар мүлдем басқаша – Марстың ландшафты сияқты», - деп пікір білдірді Татьяна Инюшина.

Әнші елімізде болған кезде қазақстандық телеарналардағы таңғы бағдарламаларға қатысты. Сонымен қатар, қазақ халқының тұрмысы, ұлттық тағамдары және дәстүрлерімен етене танысты. Ол Қазақстаннан кейін Өзбекстанға аттанды. Қазір жұбайымен бірге Гоада жүр.

Фото: Татьяна Инюшинаның жеке мұрағатынан


Соңғы жаңалықтар
telegram