Бұл халықаралық жиынды жас мамандардың білім жинау және жетекші ғалымдармен тәжірибе алмасу алаңы деп есептеуге болады - ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов
АЛМАТЫ. 3 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мұнда көтеріліп жатқан экономика саласындағы баяндама тақырыптары қоғам дамуында өте маңызды. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Экономика ғылымының әдіснамасы, теориясы және практикасы» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
«Халықаралық басқосу экономика ғылымының майталманы, үздік ұйымдастырушы, ғалым Яхия Әубәкіровтың ғылымға қосқан үлесін насихаттай отырып, экономиканың өзекті тақырыптарын қозғап отыр. Конференцияда экономикалық ғылымының теория және әдіснама мәселелері, экономикалық саясаттың және Қазақстан дамуындағы тәжірибелік өзекті мәселелер, экономикалық кадрларды дайындауды жетілдірудің басымдылықтары да кеңінен қарастырылуда. Бұл халықаралық жиынды сонымен қатар жас мамандардың, магистранттар мен докторанттардың білім жинау, жетекші ғалымдармен тәжірибе алмасу алаңы деп есептеуге болады», - дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымының докторы, профессор Ғалым Мұтанов. Ал ғалымның қызы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Әубәкірова Жания Яхияқызы өз естелігінде - «Әке жолын қуып экономист атанбағаныммен, мен де сол кісі тәрізді ұстаздық, ағартушылық жолындамын. Ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның гүлденуіне, еліміздің дамуына жоғары оқу орнының басшысы ретінде еңбек етіп келемін», - дегенді айтты.