«Бұл кітап əлемі» атты айлық аясында Астанада 60 іс-шара өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгіннен, яғни, 1 сəуірден бастап "Бұл кітар əлемі..." атты айлық акция аясында Ұлттық академиялық кітапханада 62 іс-шара өтеді. Бұл туралы бүгін акцияға орай өткен баспасөз мəслихатында белгілі болды.
Шаралардың саны қаншалықты көп болса, олардың мəн-мазмұны да соншалықты терең болмақ. Мысалы, ол іс-шаралардың арасында абайтанушы, шəкəрімтанушы, ақын, жазушы, ҚазССР əнұранының авторы Қайым Мұхамеджановтың 100 жылдық мерейтойына байланысты "Алаш мұрасының көзі" тақырыбындағы еске алу кеші, кітап мерейтойлары - Жүсіпбек Аймауытовтың "Қартқожа" романының (90 жыл), Əкім Таразидің "Құйрықты жұлдыз" (50 жыл), Əнуар Əлімжановтың "Сувенир из Отырара" (50жыл) повесінің бенефисі, сондай-ақ, "Менің сүйікті шығармам" атты кітап конференциясы, "Менің өмірімді өзгерткен кітап" атты оқырмандардың бенефисі өтеді екен.
"Көркем əдебиет, көркем ойлар ұлы мемлекеттік, ұлттық идеяларға бастаған. Ұлттың болашағы көркем шығармалардағы ақиқатпен тығыз байланысты. Тіпті, тəуелсіздігіміздің бастауы сонау жырау-ақындарымыздың дана сөздерінен бастап 20 ғасырдағы атақты қазақ жазушыларының шығармаларында жатыр",-дейді баспасөз мəслихатына қатысқан акцияның ұйымдастыру комитетінің төрағасы, жазушы Ғарифолла Есім.
Айта кетейік, акция ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің қолдауымен Ұлт жоспарын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар аясында жəне Халықаралық балалар кітабы күні мен Бүкілəлемдік кітап жəне авторлық құқық күніне орай өткізіліп отыр.