Бұл күні бейбіт күннің батыры Құмарбек Жәкетайұлы дүниеге келген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығы аясында тағайындалған «Батыл жүрек» қоғамдық сыйлығының иегері, 2016 жылы 4 желтоқсан күні «Астана-Көкшетау» тас жолында болған атышулы көлік апаты кезінде адамдарды құтқарамын деп жүріп жанын пида еткен бейбіт күннің батыры Құмарбек Жакетайұлы өмірге келген күн. Бұл туралы Фейсбуктегі парақшасынд а марқұмның ұлы Нұрболат Құмарбекұлы хабарлады.

Бұл күні бейбіт күннің батыры Құмарбек Жәкетайұлы дүниеге келген

«Бүгін ақпанның 3-і - әкемнің туған күні. Марқұм әкем өмірде болғанда бүгін 51 жасқа аяқ басар еді. Жаныңыз Жәннатта болсын, әкешім!» деп жазды ол.

Еске салсақ, 4 желтоқсанда Көкшетау тас жолында жантүршігерлік апатта үш жасар бала құтқарылды. Куәгерлер Құмарбек Жакетайұлының сау-тамтығы қалмаған көлік ішінен кішкентай баланы аман алып шыққанын айтады. Одан кейін артқы орындықта отырған қыз баланы құтқаруға ұмтылған ол арт жақтан қатты жылдамдықпен келіп соғылған автобустың астында қалған. Әлеуметтік желілерде Қазақстан халқы марқұмның отбасына көмек көрсету акциясын ұйымдастырды.

Одан бөлек, «Халықтың сүйіктісі - Народный любимец года» қоғамдық сыйлығының ұйымдастырушылары мен әділқазылары «Батыл жүрек» құрметті сыйлығын ерен ерлігі үшін Құмарбек Жәкетайұлына беруді дұрыс деп шешіп, биыл 14 қаңтар күні сыйлықты оның ұлы Нұрболатқа табыстады.

Құмарбек Жакетайұлы Бурабай ауданы Жаңажол ауылының тұрғыны. 1991 жылы Моңғолиядан атамекенге оралған. Артында үш баласы, жары қалды. Ол өмірінің соңғы сәтінде қаршадай баланы аман алып алуға көмектесіп, өрімдей жас қызды құтқарып қалды. Екі жастың өмірі үшін өз жанын пида етті.