Бұл мәселе мені қатты алаңдатады – Президент есірткінің таралу қаупі жайлы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев өте орынды пікір айтты. Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс.
Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет. Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек. Бұл мәселе бойынша құрылтайдың бірқатар мүшелері, соның ішінде белгілі спортшы Ислам Байрамуков жақсы айтты. Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс адал еңбекпен келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Президент жастар арасындағы нашақорлық мәселесіне ерекше тоқталды.
«Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр», - деп тоқталды Мемлекет басшысы.