Бұл патриоттық шығармаларға көрсетілген үлкен құрмет деп білемін - «Тәуелсіздік толғауы» байқауының жүлдегері

АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Бұл сыйлық жеке маған ғана емес, жалпы қазақ өнеріне, оның ішінде патриоттық шығармаларға көрсетілген үлкен құрмет деп білемін».

Бұл  патриоттық шығармаларға көрсетілген үлкен құрмет деп білемін - «Тәуелсіздік толғауы» байқауының жүлдегері

Кеше Астанада қорытындысы шығарылған І Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауының жүлдегері, әнші, сазгер Естай Әлікеев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты.

«Мен бұл байқауға белгілі опера әншілері Дина Хамзина мен Қайыржан Бердібаевтың орындауындағы «Қазақстан» және өз репертуарымдағы «Алға, Қазақстан» деген екі әнімді жіберген болатынмын. Міне енді «Алға, Қазақстан» деген әнім бойынша «Ең үздік қазіргі заман әндері» аталымында жүлделі 3-ші орынға ие болып отырмын. Бұл тапсырыспен жазылған шығарма», дейді Естай Әлікеев. Сазгердің айтуынша, дүниеге келгеніне 1 жылдан асқан бұл әннің жазылуына Дәулет Тұрлыхановтың, «спорт туралы ән жазсаң, дұрыс болар еді. Бізде байрақты бәсекелерде орындалатын спорт тақырыбындағы туындылар жоқтың қасы», деген ұсынысы түрткі болған.

«Жалпы өнер адамы үшін еңбегінің бағаланғаны, сындарлы сарапшылардың талқысынан сүрінбей өткені үлкен жетістік. Әрине, шығарма сыйлық алу үшін жазылмайды. Дегенмен аламанға түскеннен кейін, лайықты бағасын беріп жатса, мәртебең өсіп, көңілің марқайып қалады. Бұл шығармашылыққа серпін беріп, шабытқа шабыт қосып, ізденісті арттыра түсері күмәнсіз», дейді Естай Әлікеев.