«Бұл саммит – ЕҚЫҰ тарихындағы теңдессіз оқиға» -республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 30 қараша, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Парламент Сенатының төрағасы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Салмақты идеялар мен салиқалы бастамалар салтанаты» атты мақаласы жарық көрді. «ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті ХХІ ғасырдың аяқталып келе жатқан онжылдығындағы аса ірі халықаралық оқиға ретінде тіркеліп, тәуелсіз Қазақстан жылнамасына жарқын парақ болып жазылатыны еш күмән туғызбайды. Біздің мемлекетіміздің Көшбасшысына осыдан шамалы уақыт қана бұрын орындалмайтын арман сияқты болып көрінген мәселені жүзеге асыру қолынан келді. ЕҚЫҰ-ға тек 1992 жылы ғана мүшелікке өткен Қазақстан осы беделді ұйымның басқару тізгінін қолына ала білді. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің барлығының келісімін иеленген еліміз Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте жатқан географиялық ұлан-ғайыр аумақта ұйымға төрағалықтың құрметті де жауапты құқын алып қана қоймай, өзінің елордасында 11 жыл бойы өтпей келген Саммитті ұйымдастыру құрметіне лайық деп табылды!», - дейді мақаласында Қ. Тоқаев.
Сондай-ақ аталмыш басылым ЕҚЫҰ-ның Жанжалдардың алдын алу жөніндегі орталығының директоры Херберт Зальбердің кеше Астанадағы «Шабыт» шығармашылық сарайында журналистермен кездесуінде көтерілген мәселелер туралы жазды. Мақала тақырыбы - «Қазақстан абырой биігінде». «Қазақстанның төрағалығы барысында атқарған жұмыстарына байланысты түйінді содан кейін ғана жасауға болатын сияқты. Бірақ мен қазірдің өзінде Қазақстанның жанжал аймақтарындағы жағдайды реттеуге қосқан үлесі өте үлкен болды деп есептеймін. Іс басындағы төраға осы даулы аймақтардың барлығына сапармен барып қайтты. Олардағы тараптарды сындарлы үнқатысуға шақырды, яғни бұл сті алға жылжытты», - дейді өз сөзінде Х. Зальбер.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Бұл саммит - ЕҚЫҰ тарихындағы теңдессіз оқиға» деген тақырыппен мақала берілді. Мақалада кәрі құрлықтағы беделді ұйымның Астанада өтетін VІІ саммитінің алдында ұйымдастырылған ЕҚЫҰ аясындағы Шолу конференциясында Үкіметтік емес ұйым өкілдері «ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі қызметі бойынша барлық ұстанымдары мен міндеттерінің орындалуына шолу» және «Келешекке қажетті жобалар мен ұсыныстарды талқылау» деген тақырыптар төңірегінде ой толғағанфы жазылады. «Астана саммиті және оның қарсаңындағы шаралар өте белсенді өтуде. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Қазақстан тарапынан дайындалған декларация жобасын ұйымға мүше мемлекеттердің өте жақсы қабылдағанын атап көрсеткім келеді. ЕҚЫҰ-ның және Шолу конференциясының жұмысында Қазақстан төраға ретінде ҮЕҰ-лар мен басқа да азаматтық институттардың толық қатысуын қамтамасыз етуде жомарттық танытты. Саммит қарсаңында өткен конференция үкіметтік емес ұйымдармен өткізілетін шаралардың ашық екендігіне айғақ болды. Шолу конференциясы ауқымды шараларды қамтығандығымен ерекшеленді. Бұл саммит - ЕҚЫҰ тарихындағы теңдессіз оқиға. Өйткені бұған дейін шешімдер кемінде 2 жыл бұрын қабылданатын және бұл іс 2 айға созылатын», - деп атап көрсеткен жиында ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо.и
Сондай-ақ аталмыш басылым Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсыралар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынованың еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық барасындағы жұмыстары жөніндегі пікірлерін жариялады. «Күнбатыстық кеуделі ұйымның көшбасшылық тізгінін қолына алған Қазақстан өзін лайықты әрі абыройлы басшы-менеджер ретінде танытты. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынованың айтуынша, ұйым бойынша әріптестеріміз осыны анық мойындап отыр. Ол Қазақстан мен ЕҚЫҰ туралы айтқанда, екі жайттың басын ашып айту керектігін нықтады: «Бұл жерде Қазақстан - менеджер және Қазақстан - ұйымның мүшесі деп қарастырған жөн, - деді журналистерге арналған баспасөз мәслихатында М.Жарбосынова. - Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның білікті де мықты менеджер екендігіне ешкім шүбә келтірмейді», - деп жазады басылым. Бұл жайлы толығымен «Қазақстанның мықты менеджер екендігіне ешкім шүбә келтірмейді» деген мақаладан біл аласыздар.
***
«Елімізде суицидтен сағат сайын бір адам ажал құшады». «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында осындай тақырыппен мақала жарияланды. Мақала авторының жазуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтай ұйымы мамандарының «суицид жаһанды жайлап барады» деген сөзі бекер емес екен. Әлемде жыл сайын жиырма миллоинға жуық адам өз өмірлерін қиюға бел буатын болса, олардың бір миллионы жарық дүниемен қош айтысады екен. Өкініштісі, әлгі бір миллионның сегіз мыңы - қазақстандықтар. Бұл дегеніңіз біздің елде сағат сайын бір кісі суицидтен бақилыққа аттанып жатқандығын көрсетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сенсек, Қазақстан бүгінде әлемдегі ең көп суицидтік жағдайлар тіркелген ел ретінде үшінші орынға шығып отыр.
Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, бүгінде фармацевтика саласындағы отандық өндірісшілердің үлесі ішкі нарықта 10 пайызды құрайды екен. Алайда мұны азсынған мамандар 2014 жылға дейін дәрі-дәрмек өндіруді 50 пайызға жеткізу жөнінде уәде берген еді. Алайда бұл пікір төңірегінде мамандар арасында екітүрлі көзқарас қалыптасып отыр. Біреулері, «отандық дәрі-дәрмек өндірісін 50 пайызға жеткізіп, арнайы дәрі-дәрмек шығаратын зауыттар салғанша, хлқымыздың санына сәйкес, шетелден сатып алған тиімді», десе келесібіреулері «дәріні шеттен тасығанша, отандық дәрі-дәрмек өндірісін өзімізде өркендеткен жөн» дейді. Бұл мәселе жөніндегі мамандардың пікірін басылымның бүгінгі санындағы «Қазақстанда зауыт салғанша, дәрі-дәрмекі шеттен сатып алу тиімді деген пікірмен келісесіз бе?» атты мақалада егжей-тегжейлі жазылған.
***
«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, Астана Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитін өткізуге және жоғары лауазымды тұлғаларды күтіп алуға дайын. Бүгінде Саммитке қатысуға ұйымға мүше елдер мен оның әріптестерінің барлығы қатысатындықтарын қуаттаған. Сонымен қатар бір жарым мыңнан астам ақпарат құралдарының өкілдерін айтпағанда, 2,5 мыңға жуық делегация өкілдері келеді. Бұған қоса тағы 600 үкіметтік емес ұйым өкілдері бар. Саммитке қатысушылар саны әлі де өсуі мүмкін. Бұл туралы «На листе ожидания» атты мақаладан білуге болады.