Бұл сайлау – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешенді реформаларының жалғасы
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында бұрынғы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та дауыс берді.
-Бүгін елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Осыған байланысты отбасымызбен бірге сайлау учаскесіне барып, дауыс бердік,- деп жазды өзінің Instagram парақшасында.
Шын мәнінде, бұл сайлау – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан кешенді реформалардың жүйелі жалғасы және мемлекетіміздің саяси өміріндегі маңызды оқиға,-деді ол.
Сонымен қатар ол соңғы жылдарда елімізде өкілді билік институттарының рөлі артып, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігі айтарлықтай кеңейгенін атап өтті.
Соның арқасында өңірлерді қарқынды дамытуға, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді тиімді шешуге және халықтың тұрмыс сапасын одан әрі арттыруға тың серпін берілді.
-Осы орайда баршаңызды сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын. Мемлекет мүддесін көздейтін істе халқымыз азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетеді деп сенемін,-дейді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр.