Бұл сайлауда Н.Назарбаевқа лайықты бәсекелестер бар - ОСК мүшесі М.Сәрсенбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл сайлауда Н.Назарбаевқа лайықты бәсекелестер бар. Бұл пікірді бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсенбаев білдірді.
«Мен Елбасына лайықты бәсекелестер жоқ, деген пікірмен келіспеймін. Мәселен, 2011 жылы Елбасы Н.Назарбаевтан басқа Ғ.Қасымов, Қазақстанның коммунистік халық партиясының хатшысы Ж.Ахметбеков сынды лайықты бәсекелестер болды. Менің ойымша, дәл осы 2 азамат сол сайлауда Елбасыға лайықты қарсылас бола алды», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, биылғы саяси науқанда да ҚР Президентіне лайықты бәсекелестер бар.
«Өздеріңізде білетіндей, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан басқа тағы 2 адам кандидат ретінде тіркеуден өтіп отыр. Олар: Қазақстанның коммунистік халық партиясының өкілі Тұрғын Ысқақұлы Сыздықов пен Қазақстанның кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайынов. Осы екі азамат ресми түрде тіркеуден өтті. Олар лайықты кандидат деп санаймын», - деді М.Сәрсенбаев.