Бұл сайлауға үміткерлердің ең көп өтініш беруі азаматтардың саяси белсенділігін білдіреді - ҚР ОСК мүшесі М.Сәрсембаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бір айдан сәл астам уақыттан кейін елімізде өтетін кезектен тыс президенттік сайлауда Елбасы Н.Назарбаевқа бәсекелес боларлық кандидат бар ма? Кейбір үміткерлердің лингвистикалық комиссия шешімімен келіспеуінің шынайы себебі қандай? Дәл осы сауалдарды «ҚазАқпарат» тілшісі ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаевқа қойған болатын.

Бұл сайлауға үміткерлердің ең көп өтініш беруі азаматтардың саяси белсенділігін білдіреді - ҚР ОСК мүшесі М.Сәрсембаев

- Марат Алд а ңғорұлы, е сте болса, халықаралық байқаушылар 2011 жылғы Президент сайлауында Елбасы Н.Назарбаевқа нақты баламалы таңдау болмағандығын айтқан еді. Осы сайлауда жағдай қалай болмақ? Н.Назарбаевқа бәсеке жасай алатын лайықты кандидаттар бар ма?

- Конституцияға байланысты әрбір азамат сайлауға және сайлануға құқылы. Ұсынылған кандидаттар арасында сайлау бәйгесінде бәсекелестік күрес көрсете алатын лайықты, атақты тұлғалар бар. Мысалы, Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы кезектен тыс президент сайлауына өз кандидаты ретінде партияның орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықовты ұсынды және осы партияның съезі оның кандидатурасына бірауыздан дауыс берді. Айтарлықтай салиқалы партияның хатшысы, республикада өзінің сайлаушылар тобы бар Т.Сыздықов, менің ойымша, алдағы сайлауда лайықты кандидат бола алады.

Одан бөлек, Президенттікке кандидаттар арасында лингвистикалық емтиханды сәтті тапсырған әйел - Қойшиева Лимана «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті. Оны да жақтаушылар болатынына сенімдімін. Менің ойымша, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов та лайықты кандидат.

Осы сайлауда ұсынушылардың аса көптігін атап өткім келеді. Бұл халықтың азаматтық белсенділігін, дауыс беру мен сайлануға өз еркін білдіруін көрсетеді. 2 наурыздан 15 наурызға дейін Ортсайлаукомға кандидаттыққа ұсыну туралы 27 өтініш келіп түсті (25 - өзін-өзі ұсыну, 2-еуі саяси партиядан). Өз кезегінде, Ортсайлауком сайлауды ұйымдастыру және өткізумен тікелей айналысатын орган ретінде кандидаттарға барлық жағдайды жасайды және олардың сайлау қызметін ынталандырады.

- Бірқатар кандидатты тіркеуден бас тартылғаны белгілі. Тіпті, олардың кейбірі лингвистикалық комиссияның шешіміне өз наразылықтарын білдірген болатын. Сіз бұл жайында не айтар едіңіз?

- Кандидаттарды тіркеуден келесі себептер бойынша бас тартылды: заңнамамен талап етілген жасқа толмады, мемлекеттік тілді еркін меңгермеген, лингвистикалық комиссияның мәжілісіне келмеді немесе кандидатурасын өз еркімен алып тастады. Лингвистикалық комиссияның жұмысына толықтай тоқталып өтсем. 8 кандидатқа лингвистикалық комиссияның шешімімен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгермегендігі үшін тіркеуден бас тартылды. Бұл көптеген кандидаттардың мемлекеттік тілді заңнамамен анықталатын деңгейде меңгере алмағандығын білдіреді. Мысалы, лингвистикалық комиссияның өткізген емтиханы нәтижесінде ашық дауыс беру арқылы бірауыздан Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Қайсаров Уалихан Әбішұлын мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп шешім шығарылды. Үміткер тақырыпты дұрыс түсінбеген, тиісінше тақырыпты аша алмаған. Одан бөлек, ол 23 қате жіберген, оның ішінде бес қатесі - орфографиялық, 11-і тыныс белгісінен және 7 стилистикалық қателер. Тоқ етері, мемлекеттік тілді жетік білмеген үміткерлер босқа байбалам салып жүр.

- Президенттікке кандидаттарды тіркеудің рәсімдері қандай?

- Конституция бойынша Президент болып тумысынан республика азаматы болып табылатын 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын республика азаматы сайлана алады. Республика азаматтары мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлануына және сайлауына, сонымен қатар республикалық референдумға қатысуға құқықтары бар. Соттың шешімімен іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған және соттың үкімімен бостандығынан айырылған азаматтардың сайлануына және сайлауына, республикалық референдумға қатысуға құқықтары жоқ.

Президенттікке кандидаттың сәйкес келуін өзін-өзі ұсынушы азаматтың өтініш беру уақытынан немесе республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органының кандидатты ұсыну жөніндегі мәжілісінің хаттама үзіндісін кандидаттың дауысқа түсуге келісім беру жөніндегі өтінішімен бірге ұсынылған уақыттан бастап бес күн ішінде Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Сонымен қоса, Президенттікке кандидаттың Қазақстан Республикасында соңғы он бес жыл бойы тұру фактісін Орталық сайлау комиссиясының республиканың тиісті органына сұрау салуы арқылы, ал мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін Лингвистикалық комиссияның шешіміне сүйене отырып, Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен анықталады.

Тіркеу үміткердің Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» ҚР конституциялық заңының талаптарына сәйкестігі анықталған соң басталады. Орталық сайлау комиссиясының бекітілген күнтізбелік жоспарына байланысты Президенттікке кандидаттарды тіркеу кандидаттардың барлық керекті құжаттарды ұсынған уақытынан басталып, 25 наурызда аяқталады.

Президенттікке кандидатты тіркеуге дейін және сәйкестігі туралы тексеруден кейін, сонымен қатар кандидатты қолдайтын қолдар теңсерілгеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының шотына 1 млн. 60 мың теңге көлеміндегі сайлау жарнасын енгізеді.

Тіркеуге дейін кандидат және оның жұбайы тұрғылықты жерінің салық органына 2015 жылдың 1 ақпан жағдайы бойынша табысы және мүлкі туралы декларациясын ұсынады.

- Сұхбатыңызға рахмет!