Бұл шара Қазақстанның абыройын асқақтатты - министр

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қысқы Азия ойындарын өткізу кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейтін өте ауқымды шара. Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов осылай айтты.

Бұл шара Қазақстанның абыройын асқақтатты - министр

«Бүгінгі таңда біріншілікті өткізу мәртебесіне Азия құрлығындағы 4 мемлекет қана ие болды. Олар экономикасы дамыған Жапония, Корея, Қытай мемлекеттері. Біз Қысқы Азия ойындарын өткізіп жатқан 4 елміз»,-дейді министр.

«Біз - спортшылар қауымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен ризашылық білдіреміз. Себебі ол өзінің ерікті шешімімен ойындардың Қазақстанда өтуіне жағдай жасады. Президент күткендей бұл шара Қазақстанның абыройын асқақтатты»,-деді ол.

7-Қысқы Азия ойындарын тамашалау үшін Астанаға Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы шейх Ахмад Аль-Фахад аль-Сабах мырза және Халықаралық олимпиадалық комитеттің президенті Жак Рогге қатысты.

Министрдің айтуынша, мәртебелі мемандар Қазақстанның дайындығына және спорттық кешендерге жоғары баға беріп отыр. Соған байланысты министр, Премьер-Министрдің басшылық еткен ұйымдастыру комитетіне, Алматы мен Астана қалаларының басшылығына үлкен алғыс білдірді.

«Ал ең басты жетістік Азия ойындарында Алау эстафетасы алғаш рет өткізілді. Әл-Куәйтте жағылған от бүкіл Қазақстанды шарлап, үлкен мерейтой сыйлады»,-деді министр.