Бұл шын мәнінде игі жұмыс – Тоқаев Қазақстанға жеткізілген Амур жолбарыстары туралы
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге Қазақстан аумағында жолбарысты қайта жерсіндіру ісінде қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
– Қазақстанға төрт амур жолбарысының жеткізілуі – Ресей Президентінің мемлекеттік сапарының өзіндік бір ерекше оқиғасы болды. Құрметті Владимир Владимирович, Қазақстан аумағында жолбарыстарды қайта жерсіндіру ісіне нақты қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл бағалы сый туралы еліміздің барлық азаматы жақсы біледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында РФ президентімен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Сондай-ақ Президент осы бірегей жобаға, шын мәнінде игі шаруаға атсалысып жатқан барлық қазақстандық және ресейлік мамандарға алғыс айтты.
Бұған дейін Ресейдің табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов Қазақстанға тарту етілген Амур жолбарыстарын жерсіндіру жөнінде пікір білдірген еді.
Айта кетейік, 27-29 мамыр күндері Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтеді. Мемлекеттер басшылары бұл сапарда Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алды.