Бұл шынымен де еліміздің тарихи сахнасы - Республика сарайындағы концерт

ЛМАТЫ. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда қаламыздың бас сахнасы саналатын Республика сарайының күрделі жөндеу жұмыстары алдында қазақстандық өнер шеберлерінің қоштасу концерті өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Концертте Ескендір Хасанғалиев, Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Лаки Кесоглу, Мақпал Жүнісова, Сембек Жұмағалиев, Асылбек Еңсепов, «Дос Мұқасан», «Ұлытау», «Орда» топтары және тағы да басқа эстрада жұлдыздары көп жылдар бойы халықтың көңілінен шығып келе жатқан үздік әндерін орындады. Барлық әншілерге бас сахна мен мәдениетімізге сіңірген еңбектері үшін атаулы сыйлықтар табысталды. Кештің қадірлі қонақтары ретінде концертке Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлегенова қатысты.

Республика сарайына 40 жыл бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мемлекетіміздің бас сахнасы болып келген сарай 1970 жылы сәуір айының 22-і күні есігін айқара ашқан болатын. Бүгінде ол ТМД елдері ішіндегі архитектуралық жағынан ең жақсы және зілзалаға төзімді ғимараттардың бірі болып келеді. Осы жылдар ішінде сарай ірі мемлекеттік, қоғамдық-саяси және мәдени шаралардың өтетін орны болып ғана қойған жоқ, ол сондай-ақ, көптеген шел елдік қонақтарды да қабылдады. 1973 және 1986 жылдары бұл жерде Бүкілодақтық кинофестиваль өтсе, 1991 жылы сарай залы тәуелсіз Қазақстанның бірінші Президенті Н.Ә.Назарбаевқа инаугурация өткізген орын болған.

"Республика сарайы - өте киелі жер, киелі сахна. Мен 1970 жылы, 30 жасымда осы сахнаға алғаш рет шығып симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен "Атамекен" әнін орындаған едім. Әлі есімде, ол үкіметтік концерт болатын, залда ауылдың, өндірістердің еңбек озаттары, барлық саланың ең үздік өкілдері және Қазақстан үкіметтінің мүшелері жиналған еді. Сол кезден бастап, осы залдың сахнасына үлкен құрметпен шығамын. Бұл сарай еліміздің көптеген орындаушыларына өнер жолына жолдама берген орын", деді республикамыздың халық әртісі, танымал композитор және әнші Ескендір Хасанғалиев.

Еліміздің халық әртісі Лаки Кесоглудың пікірінше, сарай еліміздің мәртебелі, қадірлі орны және болашақта да бола береді. "Менің бұл сахнаға әр шығуым есімде ұмытылмас үлкен әсер қалдырады. Кезінде бұл сахнаға шығудың өзі қиын болатын, арнайы іріктеу болатын, кәсіпқой әншілер ғана шыға алатын. Өкінішке орай, әлі күнге дейін қаламызда осы сынды сахна жоқ", деп атап өтті ол.

"Бұл залдың ерекше энергетикасы бар. Әр орындаушы үшін естілуі мен акустикасы маңызды, бұл жөндеу кезінде бірінші орында ескеріледі деп ойлаймын. Күрделі жөндеу жұмыстары біткеннен кейін, жұмыс істеуге лайықты жағдайлар жасалынады деген үміттемін", деді халық күйлерін шебер орындаушы Асылбек Еңсепов.

Мемлекеттік "Гүлдер" ансамблінің бұрынғы әншілері, халықтың көзайымына айналып үлгерген Мақпал Жүнісова мен Сембек Жұмағалиев алғаш рет бұл сахнаға шыққандарын еш ұмытпаған. "Біз үшін бұл жер тек қана концерт алаңы емес, екінші жұмыс орнымыз, екінші үйіміз. "Гүлдер"ансамблі осы жерде болғанда біз күнде дайындыққа келетінбіз. Бұл еліміздің тарихи сахнасы. Өйткені, бұл сахнада бүгінде дүниеде жоқ танымал орындаушылар өнер көрсеткен, сондықтан мәдениетіміздің ошағын әрқашан қадірлеп, қастерлейік. Тезірек, лайықты жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сарай жаңа бейнеде қайтадан ашылсын деп тілейміз", деді олар.

Республика сарайы күрделі жөндеу жұмыстарына маусым айының 1-і күні жабылады. 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай сарай есігі қайта ашылады деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар