Бұл той саналы ғұмырын туған елінің әдебиеті мен ғылымын дамытуға арнаған жазушының ғана емес, барша халықтың ортақ мерекесі

АЛМАТЫ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Әди Шәріпов өз бастамасымен Алматы демалыс-сауықтыру ғимаратын, Қазақстан жазушыларының шығармашылық үйін, қалалық оқушылар үйін және басқа да мәдени-әлеуметтік нысандарды салдырды.

Бұл той саналы ғұмырын туған елінің әдебиеті мен ғылымын дамытуға арнаған жазушының ғана емес,  барша халықтың ортақ мерекесі

Оны қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов бүгін Алматыда партизан-жазушы Әди Шәріповтың 100 жылдығына арналған салтанатты кеште айтты.  

«Әди Шәріпов көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған тұлға. Ақиық ақын Тұманбай Молдағалиев ағамыз арнау өлеңінде: «Мынау дүниеде ағатай өзің жайлы аңыз көп», - деп тегін айтпаса керек. Абай, Мұхтар, Шәкәрім сынды атақты тұлғалар өмірге келген Семей топырағында дүниеге келген Әди Шәріпов Алматыда тұрып, үлкен шығармашылық биіктерге жеткенін біз үлкен мақтаныш тұтамыз.  Сондықтан Алматы қаласы әкімшілігінің қолдауымен өтіп жатқан бүгінгі өнер кеші талантқа тағзым деп білемін», - деді қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов. Оның айтуынша, Әди  Шәріпов Семейдегі медициналық, Оралдағы ауылшаруашылық, Қарағандыдағы сауда кооператив институттарының ашылуына тікелей қамқорлық жасады. Өзінің қажымас күш-қайраты мен шығармашылық еңбегінің арқасында елі мен әріптестерінің үлкен құрметіне бөленді. Қоғам мен мемлекет алдындағы айрықша еңбегі үшін көптеген орден-медальдармен марапатталды. Бүгінде Алматының орталығындағы бір көше мен қазақ орта мектебі Әди Шәріповтың есімімен аталады.