Бұланды ауданында кәсіпкерлерге қарулы шабуыл жасалды
КӨКШЕТАУ. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Бұланды ауданының Константинов және Пушкино ауылдары аралығындағы жол үстінде кәсіпкерлерге қарулы шабуыл жасалып, қылмыскерлер ізін суытып үлгерген,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Алтай Бошановтың айтуынша, Павлодар қаласынан «КамАз» жүк көлігіне көмір тиеп келе жатқан жолаушыларды қарулы төрт жігіт тоқтатқан. Жеңіл олжа табуды мұрат санаған басбұзарлар кәсіпкерлерден ақша талап етіп, оларды өздері тінтуге кіріскен. Бұл жолғы «табыстары» 170 мың теңгемен шектелген қылмыскерлер оқиға орнынан тайып тұрған. Қазір арнайы жасақталған полиция қызметкерлері іздестіру амалдарын жалғастыруда.
Бұл жыл ішінде Ақмола облысындағы күре жол бойында жасалған төртінші қарулы шабуыл. Бұған дейін осындай әрекетпен Целиноград ауданында «Көкшетауарасансу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көлігіне, Степногор төңірегінде алтын тасымалдаушыларға, ал Қызылту бағытында инкассаторларға қарақшылық шабуыл жасалған болатын.