Бұланды ауданында спорт және ойын алаңдары ашылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы шеңберінде Макинск қаласының Каменный карьер кентінде балаларға арналған футбол және воркаут алаңдары ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, заманауи талаптарға сай келетін жаңа жобаға жасөспірімдердің физикалық қабілеттерін дамытуға арналған алаң, балалар үшін төбешік, әткеншек, құмсалғыш және жасанды көгалдан жасалған футбол алаңы кіреді.
«Балалар - біздің болашағымыз. Жастарымыздың бос уақытта спортпен шұғылданып, балаларымыздың қазіргі заманға сай ойын алаңдарында ойнап жүргені біздерді қуантады. Аудан басшылығына үлкен рахмет», - деп өз әсерімен бөлісті кент тұрғыны Үмітжан Машанова.

Айта кетейік, Макинск қаласында 5 балалар және спорт алаңдарының құрылысы облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Степгеология кентінің ауданында балалар мен спорт алаңының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, басқа аудандарда тағы да осыған ұқсас үш жобаның құрылысы аяқталуға жақын.

