Бұлбұл Ахмадиқызы: Мұғалімдердің басты міндеті - өз ұлтының мәдениетін, тілін адамзаттық рухани құндылықтарға ұштастыра білетін тұлға тәрбиелеу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Саналы ұрпақ өсіріп, сапалы білім мен тәрбие беру барша­мыз­дың ортақ парызымыз болса керек. Ұстаздың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де - осы өлшемдер. Елбасымыз Тәуелсіз Қазақстанның келешегі қашанда қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді екенін үнемі айтып келеді. Осы орайда, Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың «Мек­теп­тің жаны - мұғалім. Мұғалім қан­дай болса, мектеп сондай болмақ» деген сөздері еске түседі. Осы бір аталы ұғым ұстаздар қауымы үшін басты ұстаным болуы шарт, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Бұлбұл Ахмадиқызы: Мұғалімдердің басты міндеті - өз ұлтының мәдениетін, тілін адамзаттық рухани құндылықтарға ұштастыра білетін тұлға тәрбиелеу

«Мектеп - кеме, білім - теңіз» десек, ел ертеңін біліммен қару­лан­дыратын, тәрбие беретін кие­лі шаңырақ әркез адамзаттың бар­лық асыл қасиеттерін өске­лең ұрпақ бойына сіңіріп, қоғам­дық көзқарастарын дұрыс қалып­тастырып келе жатқаны дау­сыз. Ұстаздар қауымы болса, шәкірт­тердің жан-жақты дамыған тұлға болып ержетуіне зор ықпал етері кәміл. Бүгінгі мектеп оқушылары - ел тізгінін ұстар ертеңіміз. Білім­нің өркендеуі - қоғамның алға жылжуы, өркениетіміздің өне­гелі өлшемі. ХХІ ғасырда кез кел­ген елге шырақ болатын да - білім. Ал, білімнің қайнар көзі - мек­теп. 2007 жылы пайдалануға беріл­ген қазақ мектеп-гимназиясы об­лыс орталығындағы іргелі білім оша­ғы саналады. Қазіргі таңда мұнда 1100 оқушы білім алады. Оларға 23 жоғары, 32 бірінші, 18 екінші санатты мұғалім сабақ береді. Материалдық-техникалық базаға тоқталатын болсақ, 2 спорт залы, 1 бассейн, 2 шеберхана, дәрігерлік кабинет, жантанушыға арналған арнайы бөлме, 2 жаңа модификациялық лингафонды-муль­тимедиялық кабинет, 2 ин­фор­матика кабинеті, 22500 кітап қоры бар кітапхана, оқу залы, әдістемелік кабинет, 240 орын­ды акт залы, жайлы асхана, 77 оры­нды шағын орталық жұмыс іс­тей­ді. Интернет қолжетімді, арнайы электронды оқу жүйесі e-lerning-ке қосылған. 2007 жыл­дан бері үштілділік бағытта экс­при­менттік білім беріліп келеді. Мате­матика пәні қосымша факуль­татив курсында ағылшын тілінде оқытылады. 2012 жылдан Назарбаев интеллектуалдық мек­тебінің іс-тәжірибесі енгізілді. Ұс­таз­дарымыз қазіргі заманғы қа­жет білімдерді оқушылардың өз бе­тінше меңгеруіне жүйелі атсалы­сып келеді. Әр шәкіртті белсенді танымдық үрдіске тарту арқылы алған білімдерін тәжірибеде қол­дануға, интеллектуалдық, денелік күштерін дамытуға, өз ойларын айтуға үйретуден жалыққан емес. Елімізде болып жатқан үде­ріс­тер білім беру жүйесіне тың көзбен қарауды, қол жеткен та­быс­тарды сын көзбен бағалай отырып сара­лауды, оқушылардың шы­­ғар­машылық әлеуетін дамы­туды, мұғалімнің іс-әрекетін ж­аңа­ша тұрғыда ұйымдастыруды тал­ап етеді. Президентіміздің «Қазақ­станның болашағы - бүгінгі жастар. Сіздер оларға қалай білім бересіздер, Қазақстан сол деңгейде болады» деген сөзі бүгінгі білім беру жүйелеріндегі оқу-тәрбие үдерісінде заманауи оқыту техно­ло­гияларын тиімді қолдану арқылы білімі мен біліктілігін арттырудың өзектілігін көрсетсе керек.

Қазіргі қоғам алдында тұрған өзекті мәселенің бірі - көпмәде­ниетті, шығармашыл, әлеуметтік бейімделген тұлға қалыптастыру. Оқушы қабілеттерін жан-жақты дамытып, шығармашылығын ұштай білу үшін ұстаз өзі шығар­ма­­шыл тұлға болуы тиіс. Бұл орай­да барлық деңгейдегі тамыз конференцияларының берері мол. Оларда білім сапасын арт­тыру, түпкі нәтижеге бағыт­тау, мұғалімдердің кәсіби шебер­лік­терін арттыру, ақпараттық - коммуникативті мәдениеті жоғары тұлғалық-дамытушылық функцияны жетілдіру секілді өзекті мәселелер талқыланып, нақты міндеттер белгіленеді. Ұлағатты ұстаз атана білу, оны қадір тұту, арыңдай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі - педа­гоги­калық құралдардың барлығын меңгерген, өзін өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі.

Тәуелсіз ел тірегі - білімді ұрпақ десек, мектебіміздің күн тәртібінде тұрған басты мәселе- білім беру, ғылымды дамыту. Өркениет біткеннің өзегі, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Осы орайда білім ордасы - мектеп, ал мектептің жаны - мұғалімдердің басты міндеті - өз ұлтының тарихын, мәде­ниетін, тілін қастерлей оты­рып, жалпы адамзаттық руха­ни құндылықтарға ұштастыра білетін тұлға тәрбиелеу.

Бұлбұл АХМАДИҚЫЗЫ,

қазақ мектеп-гимназиясының

директоры

Петропавл