«Бүлік синдромынан» халыққа не пайда?»- республикалық басылымдарға шолу
***
«Тараз тұрғындары неге дүрлікті?». «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, сәуірдің 7-сінен 8-іне қараған түні белгісіз біреулердің жалған ақпарат таратуынан Тараз қаласының тұрғындары әбігерге түскен. «Қырғыз елінің Талас облысындағы тәртіпсіздікке қатысушылардың бір тобы Киров су қоймасын жарып жіберіпті» деген хабарды естіген тараздықтар облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комитетке мәселенің мән-жайын білу үшін кешкі сағат 21. 00. шамасында хабарласа бастаған. Содан сағат 23.00.-ге дейін олар 2500 қоңырау иелерін сабырға шақырып, оның жалған ақпарат екенін түсіндірген. Тағдырына алаңдаған Тараз тұрғындары телефонмен облыстық ІІД-ге де хабарласқан. Оларға жарты сағаттың ішінде 640 қоңырау түсіпті.
Жарияланымда айтылған жайттың егжей-тегжейін бүгінгі нөмірден оқи аласыздар.
Бұл жайт «Айқын», «Алаш айнасы» газеттерінің де назарынан тысқалмаған.
«Евроньюс» телеарнасына берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанда болып жатқан соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстанның ұстанымын айқындап берді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Мемлекет басшысы бауырлас мемлекетте қайтадан тұрақсыздық орын алып, тұрғын азаматтардың қаны төгілгеніне қынжылыс білдірді. Президент ЕҚЫҰ Төрағасы ретінде Қазақстанның Қырғызстан бойынша арнаулы өкілді - ҚР Парламент Мәжілісінің вице-спикері Ж.Кәрібжановты тағайындап та үлгергенін айтты. ЕҚЫҰ Хатшылығынан Бішкекке ЕҚЫҰ Хатшылығының Қақтығыстарды болдырмау жөніндегі орталығының директоры Г.Зальбер жіберілген. «Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанда орын алып жатқан озбырлық пен тонаушылықты сынға алды», деп жазады басылым.
Елбасының сұхбаты «Айқын» газетінде де жарияланды. Онда Н.Назарбаевтың «Қырғыз Республикасы - біздің көршіміз. Мен осы оқиғаға үлкен өкінішпен қараймын. Бізге өте жақын қырғыз ағайындарымыздың осы иірімге перменентті түрде түсетіндігі өкінішті. Соған қарамастан, барлық саясаткер халықтың қамын ойлап, оған жақсылық тілейтіндігін айтады», деген сөзі келтірілген.
Бұл сұхбатты басқан «Алаш айнасы» газетінде де Мемлекет басшысының «шын мәнісінде, екінші күн қатарынан онда тонаушылық жүріп жатыр. Дүкендерді қиратып, өртеуде, банктер жабық, бизнес қаладан бас сауғалай қашып, Қырғызстаннан капитал кетіп жатыр. Тұрақтылық болмай - ештеңе болуы мүмкін емес. Саясатпен, баррикадаға шығумен айналыспау керек. Алдымен халықты тойындырумен, оған жұмыс берумен шұғылдану қажет», деген ұстанымы айтылған.
Бауырлас қырғыз елінде соңғы үш тәулік бойы аласапыран. Сәуірдің 6-сы күні Талас облысындағы губернатор сайлауының нәтижесінде шыққан бүлік бір күннен кейін Бішкекте жалғасып, жағдай тіпті ушыға түсті. Осы Алатаудың арғы жағындағы аласапыран арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінде «Бүлік синдромынан» халыққа не пайда?» деген тақырыппен басылды.
Сондай-ақ осы газет бетінде бірқатар лауазымды тұлғалар мен алаш азаматтарына «Қырғыз халқының басына түскен қасірет сізді қандай ойға жетелейді?» деген сауал қойылған еді. Алашты алаңдатқан сауалға кімнің қалай жауап бергенін білгіңіз келсе, «Алаш айнасының» 3-ші бетіне назар аударыңыз.
«Табиғи апат салдарынан шығын болған малға мемлекет тарапынан белгілі бір мөлшерде өтемақы төлеу мүмкін бе?». «Мұндай сыбысты ең алдымен кім таратқанын кім білсін, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында қырылған малдың өлігін іздеу басталды. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті шенеуніктер осындай нұсқау берген, яғни өтемақы алу үшін мал иесі жан тапсырған малдың өлексесін тапсыруы тиіс», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Осыған орай басылымның «ой-көкпар» айдарында жоғарыдағы сауал саясаткер Ерасыл Әбілқасымов пен заң ғылымының докторы, профессор Арықбай Ағыбаевқа қойылған. Есімі елге танымал азаматтардың пікірін білгіңіз келсе, басылымдағы мақалаға назар аударыңыз.
Көрерменімен сағынып қауышатын, сырлы да сыршыл әуендерімен халықтың жүрегін жаулаған өнерпаздың бірі - әнші, актер Байғали Есенәлиев. Бүгінгі «жұлдыздардың» біразына тән «Қайтсем атымды тарихта қалдырамын» деген пейілден ада Байғали Есенәлиев «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында бүгінгі өнер саласындағы түйткілді мәселелер төңірегінде ой қозғайды.
Дәл қазір қоғамды толғандырып тұрған тақырыптардың арасында Қазақстанның Ресеймен, Беларуспен биылғы қаңтардың 1-інен бастап Кеден одағына біріккені алдыңғы қатарда тұр. Қалың жұртшылықты толғандыратын осы мәселе төңірегінде «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановамен арадағы сұхбатты оқырман назарына тартып отыр.
Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген министр «бірыңғай экономикалық кеңістік экономикалық ықпалдастықтың барынша тереңдетілген түрі. Оның негізгі шарттары - өзара келісілген экономикалық саясат, капиталдың, қызмет түрлерінің, жұмыс күшінің еркін қозғалуы. Бүкіл әлемдегі бірыңғай экономикалық кеңістіктердің ең маңызды қағидаттары қатарында кемсітуге жол бермеу және өзара тиімділік қағидаттары аталады. Бұл кеңістіктен біздің ең алдымен күтеріміз инфрақұрылымдарға тең дәрежеде қолжетімділіктің болуы. Негізгі тауар өткізу нарығынан алыста жатқан, Каспийден басқа теңіз порттарына шыға алмайтын ел ретінде Қазақстан үшін мұның маңызы ерекше», деп өз пікірін білдірген. «Кеден одағынан кедергі келмейді» деген тақырыппен берілген екуара әңгіменің толық нұсқасын басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.
«Кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің әріптестері, Ресей сыртқы саясат ведомствосының басшысы Сергей Лавровпен, Испания Корольдігі (ЕО-ға төрағалық етуші) сыртқы саясат ведомствосының басшысы Мигель Моратиноспен, Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалиспен және БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі ретінде Қырғызстанға жіберілген БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - Еуропа экономикалық комиссиясының (ЕЭК) атқарушы хатшысы Ян Кубишпен телефон арқылы сөйлесті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Сұхбаттастар Қазақстан төрағалығының Қырғыз Республикасындағы жағдайды барлық тараптардың кең көлемдегі үнқатысуы арқылы шешу қажет деген ұстанымына толық қолдау білдіріп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Ж.Кәрібжановтың Қырғызстанға ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Арнайы өкілі ретінде жіберілгенін жоғары бағалады. Сондай-ақ кеше Қазақстан бастамасы бойынша Венада ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің Қырғыз Республикасындағы жағдайға арналған арнайы мәжілісі болып өтті.
***
«ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев пен БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун телефон арқылы әңгімелесіп, өздерінің арнайы өкілдерін Қырғызстанға аттандыру туралы келісті», деп жазады «Айқын» газеті ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметін сілтеме жасап.
«Айқын» газетіне сұхбат берген тәуелсіз қырғыз саясаттанушысы кеше ғана елді соңынан ерткен қырғыз көсемінің ертең сот алдында жауап беретіндігін топшылайды. Ол басылымға берген сұхбатында «Бакиевтің Ақаевтан айырмашылығы, оның қашатын жері жоқ. Ол тұтқынға алынатын шығар. Қазір оның ұлы - АҚШ-та. Бірақ Бакиевті бірде-бір ел қабыл алады деп ойламаймын. Егер елдегі жағдай қалпына келсе, Бакиевке қарсы сот болады», дейді. Екеуара әңгіме «Қырғызстанның екіге бөліну қауіпі бар» деген тақырыппен берілген.