Бундестаг делегациясы Қазақстан-Германия қарым-қатынасы мәселесін талқылайды - СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі Германия Бундестагының делегациясы сапармен келді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«20 ақпанда Қазақстанға «Германия - Орталық Азия» парламенттік тобының мүшелері құрамында Германия Федеративтік Республикасы Бундестагының ресми делегациясы келді. Сапар аясында топ төрағасы Ойген Шмидт пен оның әріптестері Томас Барайсс, Кристиан Горке және Кристиан Шрайдер Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярмен, сондай-ақ Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Асқар Шәкіровпен кездесті», - деді ресми өкіл ведомствода өткен апталық брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, Германия Бундестагы депутаттарының Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесуі және оның барысында Қазақстан-Германия қарым-қатынасы мен халықаралық күн тәртібіндегі басым мәселелер бойынша пікір алмасуы жоспарланған.
«2023 жылғы 19 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы тұрғысында неміс тарапы «Әділетті Қазақстанды» құру аясындағы саяси және әлеуметтік өзгерістердің ауқымды бағдарламасы туралы ақпаратты қызығушылықпен қабылдады. Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы тығыз саяси диалогты құптады», - деді Айбек Смадияров.