Бундестаг Шольц үкіметіне сенімсіздік вотумын қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM – Бундестаг депутаттарының көпшілігі Олаф Шольц үкіметіне сенімсіздік вотумын қолдады, деп хабарлайды BBC.

Бұл мәселені Германия канцлерінің өзі коалициясы ыдырағаннан кейін парламент алдында көтерді. Германияда мерзімінен бұрын сайлау 23 ақпанға белгіленген.
Енді ел президенті Франк-Вальтер Штайнмайер 21 күн ішінде Бундестагты тарату-таратпау туралы шешім қабылдауы тиіс. Ол бұған дейін «елге тұрақты көпшілік пен әрекет ете алатын үкімет қажет» деп айтқан болатын, сондықтан Штайнмайер Бундестагты таратады деген болжам бар.
Содан кейін 60 күн ішінде Германияда жаңа сайлау өтеді.
Сауалнамаларға сәйкес, Фридрих Мерц басқаратын ХДО/ХСО христиандық партиялары коалициясының мерзімінен бұрын сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі жоғары: оны сайлаушылардың 30%-дан сәл астамы қолдап отыр. Мерц, атап айтқанда, әскери шығындарды көбейтуге және заңсыз мигранттар үшін шекараны жабуға уәде беріп отыр. Ол сондай-ақ Украинаға Taurus зымырандарын жеткізу мүмкіндігін жоққа шығармайды – Шольц пен оның партиясы бұған қарсы.
Екінші орында, сауалнамаға сәйкес, оңшыл популистік «Германия үшін балама» партиясы болуы мүмкін. Оған сайлаушылардың 20 пайызға жуығы дауыс беруге дайын. Дегенмен, басқа партиялар дәстүрлі түрде «Баламамен» жұмыс істеуден бас тартады, сондықтан партияның жаңа коалицияға қосылуы екіталай.
Социал-демократиялық партия, сауалнамаға сәйкес, шамамен 17%, ал жасылдар - 11% дауыс жинай алады.
Германия Конституциясы Бундестагтың өз бетімен тарауына рұқсат бермейді. Сондықтан мерзімінен бұрын сайлау өткізудің жалғыз жолы – үкіметке сенімсіздік вотумын беру.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Германияда еңбек етіп, қоғамға сіңген сириялық азаматтар ары қарай да елде қала беруіне болады. Осы аптада канцлер Олаф Шольц халыққа үндеуінде осылай деп мәлімдеді.