Бурабайдағы жарылыстан зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілді
БУРАБАЙ. KAZINFORM — Бурабай ауданы әкімдігі «Палау орталығы» дәмханасындағы апаттан зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына қандай көмек көрсетілгенін айтты.
Әкімдік өзінің Instagram парақшасында жариялаған ақпаратқа сәйкес, тоғыз қаза болған адамның әр отбасы әкімдіктің қаражатынан 2 млн теңге алған. Сонымен қатар, кафенің басшылығы қаза болғандардың әр отбасыға 2 млн теңге төледі және жерлеу рәсімінің шығындарын өз мойнына алды.
— Қазіргі уақытта стационарда жатқан 11 адамның сегізіне 1 млн теңгеден, амбулаторлық емдеудегі 8 адамға 400 мың теңгеден төлем жасалды. Кафе басшылығы зардап шеккендерге барлығы 6 млн теңге төледі, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Сонымен қатар, бизнестің өкілдері зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына қосымша көмек көрсеткен. Олар зардап шеккендер мен қаза болғандардың несиелерін төлеп, 6 млн 580 мың теңге көлемінде қолдау көрсетті.
Әкімдік комиссиясының жұмысы әлі жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, 26 ақпаннан 27 ақпанға қараған түні Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесінде газ-ауа қоспасының жарылысы болған.
Оқиға салдарынан 9 адам қаза тауып, тағы 26 адам жарақат алды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі — «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соғу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мекеме иесі ұсталды.
Артынша Көкшетау мамандандырылған тергеу соты Щучье қаласындағы «Палау орталығы» кафесінің иесін қамауға алу туралы шешім шығарды.