Бурабай, Алакөл, Каспий –туристер қай өңірлерді жиі таңдайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдегі және елдегі карантин жағдайына байланысты Қазақстанда ішкі туризм жаңа бағытта дамуда.
None
None

«Биылғы демалыс маусымында отандық туристердің басты назарында Маңғыстау, Бурабай, Алакөл курорттық аймақтары болып отыр. Сонымен қатар, жаңадан ашылған туристік орындар жоғары сұранысқа ие. Оның ішінде, елорда іргесіндегі Көбейтұз көлі және оған теңдес Павлодар облысындағы Коряковка көлі. Одан бөлек, Ақмола облысындағы Бестөбе шатқалы мен Сілеті су қоймасы және Алматы облысындағы Текес сарқырамасы», - деп жауап берді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ҚазАқпарат тілшісі жолдаған арнайы сауалға.

Сондай-ақ, ұлттық компанияның соңғы уақытта жиі орын алып жатқан туристердің демалыс орындарын ластауға қатысты ұстанымын білдік.


«Туризмде, кез-келген бизнестегідей, нарықтық механизмдер жұмыс істейді. Сұраныс болса, әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жүргізілсе, осындай бірегей орындарға туристік ағын өсе бастайды. Алайда, бұл бақылаусыз ағын табиғи нысанның экожүйесіне кері әсерін тигізеді. Сол себепті елімізде бірегей нысандар қорғауға алынады. Қазақстан аумағында туристерді қызықтыратын орын көп, алайда мемлекеттік органдарда барлық территорияларды бақылауға жеткілікті ресурсы жоқ. Сондықтан біз туристік ресурстарды ұқыпты пайдалануға шақырамыз және жақын арада осы мәселе бойынша әлеуметтік желілерде белсенді жұмысты бастаймыз», - делінген мәліметте.


Соңғы жаңалықтар