Бурабай ауданында 40-қа жуық отбасы баспаналы болды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Бурабай ауданында 40-қа жуық отбасы баспаналы болды. Щучье қаласының элиталық тұрғын үй кешеніндегі жайлы үйден пәтерлі болғандардың арасында 30 медицина қызметкері мен 9 әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы бар.

Бурабайба тұрғын үй
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Ақмола облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл соңына дейін Бурабай ауданында барлығы 40 пәтер сатып алу жоспарланған.

тұрғын үй берілді
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Жаңа пәтерлердің кілтін тапсырған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған жаңа бағдарламаның арқасында баспана мәселесін жедел шешуге мүмкіндік туып отырғандығын атап өтті.

«Бұл шара көпбалалы отбасылардың, жетім балалардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың және басқа да әлеуметтік маңызы бар санаттағы адамдардың пәтер мәселесін шешуге көмектеседі. Ең бастысы -тұрғын үйге кезекті айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама бойынша облыс бойынша 900-ге жуық пәтер сатып алынады. Басты міндет – тұрғындардың өмір спасын жақсарту», - деді Марат Ахметжанов.

тұрғын үй
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Айтуынша, Көкшетау, Қосшы қалаларында және Зеренді ауданында 200-ге жуық отбасы пәтер кілтін алды. Көпбалалы ана Елена Кудаева баспана кезегінде 12 жыл тұрған.

«Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әлі де өз өзіме сен алмай отырмын. Өзіммен бірге 8 бала тұрады. Пәтер өте жайлы, жөнделген әрі бөлмелері кең. Осы бағдарлама үшін Мемлекет басшысына алғысым шексіз», - деп қуанышымен бөлісті Елена Кудаева.

Сонымен бірге, ауданда медицина қызметкерлері арасында кадр тапшылығын азайту, сондай-ақ өңірге дәрігер мамандарды тарту мақсатында 45 пәтерлік үй салынды.

Осы күні 30 медицина қызметкері - жалпы практика дәрігерлері, эндоскопист, анастезиолог-реаниматолог, хирург, кардиолог, балалар консультациясының дәрігерлері мен педиатрлары қызметтік баспана алды.

Еске салайық, Ақмолада су тасқынынан кейін далада қалған 216 отбасына пәтер сатып алынды.

Соңғы жаңалықтар