Бурабай ауданында жол сапасы жақсарып келеді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Бурабай ауданында өткен жылмен салыстырғанда биыл жолдардың сапасы біршама артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Әсет Мұздыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімінің мәліметінше, ағымдағы жылы Щучье қаласында жалпы ұзындығы 15,5 шақырым болатын 13 көшеде құны 171,7 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, «Щучье-Николаевка» жолының учаскесіне орташа жөндеу, Сарыбұлақ аулына дейінгі жол ағымдағы жөндеуден өтті. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылағаш ауылішілік жолдарына 57,6 миллион теңге қаржы бағытталды.
«Бұдан бөлек, 211,1 миллион теңгеге 20 шақырым «Бурабай-Қатаркөл» автокөлік жолы, 238,6 миллион теңгеге Бурабай кенті жолдары және 65,7 миллион теңгеге Горный шағын ауданындағы жаңа мектепке апаратын жол жөнеліп жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде жақсы жолдардың деңгейі бойынша көрсеткіш 2019 жылдағы 42,5 пайыздан 44 пайызға дейін арттып отыр», -дейді аудан әкімі Ә.Мұздыбаев.