Бурабай елдің жетекші туристік кластері ретінде қалай дамиды
БУРАБАЙ. KAZINFORM — Бүгін Бурабай ауданында өткен кеңесте Щучье-Бурабай курорт йаймағын дамытудың өзекті мәселелері қаралды.

Іс-шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Президенті Іс басқармасының өкілі, Бас прокурордың орынбасары және мүдделі ведомстволар — туризм және спорт, көлік, экология және табиғи ресурстар, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің өкілдері қатысты.
Онда басты назар — инженерлік-құрылыс жобаларын аяқтау және курорттық аймақты дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу мәселесіне аударылды.
Жиынды ашқан облыс әкімі Мемлекет басшысы айтқан тапсырмаларды орындаудың маңызын атап өтті.
Жиын барысында ЩБКА дамуының жаңа көрінісі ұсынылды.
Президенттің Іс басқарушысының орынбасары Рустам Баялиев ЩБКА-ны дамыту бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы туралы айтты.

Щучье-Бурабай курорт аймағын дамыту және танымал ету перспективалары туралы ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтып берді.
Ол сондай-ақ аймақтың туристік индустриясындағы ағымдағы және жоспарланған іс-шаралар туралы есеп берді.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев курорт аймағының көлік инфрақұрылымын дамыту аспектілеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Ведомствоның жоспарында жолаушылар маршрутының санын екі есе, оның ішінде әуе және теміржол тасымалдарының санын ұлғайту қарастырылған.

Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский курорттық аймақты дамыту жоспарының үш кезеңі аясында жүзеге асырылып жатқан инженерлік инфрақұрылым жобаларының мәртебесі туралы хабарлады: Бурабай кентінде инфрақұрылымдық желілерді жүргізу, су құбырлары мен жылу желілерін жаңғырту жағдайын кеңінен баяндап берді .
Спикерлер сондай-ақ курорттық аймақтың көлік инфрақұрылымын дамыту және цифрлық технологияларды енгізу, туризм саласының инвестициялық әлеуеті, экологиялық тұрақтылық және қоғамдық жауапкершілік туралы талқылады.
«Бізге курорт аймағын дамытудың жаңа кешенді жоспарының негізін құрайтын тұжырымдамалық жаңа тәсіл мен нақты іс-әрекеттер қажет. Бурабай тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де танылатын туристік брендке айналуы тиіс», — деп атап өтті М.Ахметжанов.
Кеңес соңында Щучье-Бурабай курорт аймағының елдің жетекші туристік кластері ретіндегі позициясын одан әрі нығайту үшін алға қойылған жұмыс бағыттары мен жүктелген міндеттерді іске асырудың нақты мерзімі айқындалды.