«BURABAY ICE 2024»: әлемдік деңгейдегі жүгірушілер Бурабайда бас қосты

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында мұзда жүгіруден «BURABAY ICE 2024» халықаралық турнирі өтті.

турнир
Фото: «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметінен

ҚР Президенті Іс басқармасы жанындағы «Бурабай-Даму» ЖШС мен «Экстремалды Атлетика» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырған жарысқа АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Италия, Өзбекстан, Үндістан, сондай-ақ Қазқастанның барлық облыстарынан келген спортшылар қатысты. Жарыс 7 км, 14 км және 21,1 км жүгіру немесе 7 км қашықтыққа скандинавиялық жүріс сайыстарынан тұрды.

Жарыс
Фото: «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметінен

Биыл турнирге ультра қашықтықтағы Үндістан чемпионы Сандип Кумар қатысты. Ол жарыстың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. 

«Бұл турнир әуесқой жүгірушілер үшін өз күштерін сынауға тамаша мүмкіндік. Біз бұл жарысты қолдадық. Өйткені «BURABAY ICE 2024» халықаралық турнирі бұқаралық спортты дамытуға және саламатты өмір салтын қалыптастыруға зор мүмкіндік береді», - деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Жарыс қорытындысы бойынша абсолютте бірінші орынды Макс Санин иеленді. Ол 21 км қашықтықты 1 сағат 33 минутта жүгіріп өтті. Ал 14 шақырымда астаналық Экерт Владимир, 7 шақырымда павлодарлық қатысушы Арман Тұрсынов жеңімпаз атанды. 7 км қашықтықта скандинавиялық жүрісте шымкенттік Ержігіт Жұмаділов бірінші келді. 

жарыс
Фото: «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметінен

Әйелдер арасында абсолютте бірінші орынды 21 км қашықтықта Полина Саутиева иеленді. Ал, 14 шақырымда Түмен қаласынан келген ресейлік Экерт Наталья, 7 шақырымда Теміртау тұрғыны Метлицкая Изабелла жеңімпаз атанды. 7 км қашықтықта скандинавиялық серуендеуде Алматыдан келген Айжан Мұсақанова бірінші болып мәреге жетті.

Айта кетсек, бұдан бұрын Бурабай көлдерінде аэрация жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар