Бурабай курортында қысқы маусым ашылды

курорт
Фото: "Бурабай - Даму" ЖШС баспасөз қызметінен

Бурабай курортында туристер үшін қысқы маусым ашылды, деп хабарлайды Kazinform.

«Бурабай Даму» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, Бурабайдың әйгілі ормандарынына, мөлдір көлдеріне жыл сайын жүздеген мың турист келеді. Бұл аймақ қыс мезгілінде де таңғажайып сұлулығымен таңғалдырады. 

САНТАНЫҢ КЕҢ САРАЙЫ

Биыл курорттық аймақтағы «Қазақстан Лапландиясы» жаңартылып, есігін айқара ашып, қонақтарын кезекті мәрте қарсы алуды бастады. Келген адамдарды Санта Клаустың эльф-көмекшілері есік алдынан күтіп алып, резиденция саяхат жасауға шақырады. 

Санта-Клаус өзіне лайықты мекенді Бурабай ауданындағы «Қазақстан Лапландиясынан» тапты. Бұл жерде балаларға да, ересектерге де қуаныш сыйлайтын, ұмытылмас әсер қалдыратын керемет орталық салынған. Жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен Сантаның поштасына көптеген хат келеді, оның көмекшілері-эльфтер хаттарды сұрыптап, жауап беруге көмектеседі. 

Резиденция аумағында бұғы және хаски иттерін жеккен шанамен, атшанамен серуендеуге, салт атқа мінуге болады. Жергілікті бақсының да үйі де осы маңда. Міндетті түрде сырғанақтан шанамен заулап, коньки, шаңғы тепкен жөн. Қарда жүретін көліктер мен квадроциклдер де бар. Мұз қалашық көз тартады.

ӨҢІР ТУРИЗМІНІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Ақмола облысы еліміздің туристік әлеуетін көтеуде ерекше маңызға ие өңір. Облыстың туристік саладағы жалпы үлесі 9%-дан асады (175,7 млрд. теңгенің 16,5 млрд. теңгесі). Республика бойынша барлық туристік орынның шамамен 9%-ы (353-і) осында шоғырланған. Облыста Бурабай ауылы қамтылған бас жоспар әзірленгенін айта кету керек. 

Бас жоспар бойынша, 700 гектар аумақта 500 және 1 800 орындық үлкен екі автотұрақ салу қарастырылған. Биыл 500 орындық автотұрақ салу жобасы сәтті жүзеге асырылды. Жыл басынан бері облыс бойынша жалпы туристердің саны (статистикалық органдардың алдын ала мәліметтері) 956,7 мыңға жетті. Оның ішінде жергілікті орналасу орындарында демалғандар – 404,2 мың адам; санаториялық-курорттық ұйымдарда демалушылар – 17,2 мың адам; Мемлекеттік ұлттық паркке барғандар – 535,3 мың адам (8 айдағы алдын ала деректер). 

Жыл соңына дейін туристер саны 1,2 миллионнан асады деген болжам бар. Оның ішінде өз азаматтарымыздың үлесі 940,8 мың адам. Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында курорттық аймаққа 15 838 шетелдік турист келді, бұл былтырғы көрсеткіштен 3,2 мыңға жуық адамға артық. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр осы кезеңде облысқа 12 647 шетелдік турист келген болатын.

«БУРАБАЙ-ДАМУ» НЫСАНДАРЫ ТУРИСТЕР ҮШІН ТАРТЫМДЫ

Көрікті аймақтың туризм әлеуетін дамытумен «Бурабай Даму» ЖШС айналысады. ҚР Президентінің Іс басқармасына қарасты компания сегіз жылдан бері Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы туризмді дамыту міндетін жемісті атқарып келеді. «Бурабай-Даму» демалыс орнындағы нысандарды күтіп ұстап, сапалы қызмет көрсетеді. Атақты Абылай хан алаңы саябағындағы мультимедиялық интерактивті кешен, визит-орталық, «Burabay Land» ойын-сауық саябағы, хайуанаттар бағы және Марал фермасы сынды нысандардың жұмысын осы кәсіпорын жүзеге асырады. 

«Ақмола облысының туризм басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығымен бірлесіп Мұз қалашығы фестивалі өткізіледі. Фестиваль кәсіби суретшілерге өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетуге және мұздан жасалған керемет мүсіндерді өмірге әкелуге бірегей алаң береді. Фестиваль келушілер мен жергілікті тұрғындарды керемет сұлулық пен шығармашылықпен таңғалдырып қана қоймай, сонымен қатар туризмді дамытуға және бірегей іс-шараларды құруға деген ұмтылысымызды көрсетеді. 

ҚЫСҚЫ БУРАБАЙ ҚЫЗЫҚТАРЫ

Жақында «Бурабай-Даму» кәсіпорны «Ақмола облысының туризм басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен, «Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығымен бірлесіп «Мұз қалашығы фестивалін» өткізеді. Фестиваль аясында кәсіби суретшілерге шығармашылық қабілеттерін көрсетуге, мұздан керемет мүсіндер жасауға мүмкіндік беріледі. Бұл іс-шара қонақтар мен жергілікті тұрғындарды таңғалдырып қана қоймай, сонымен қатар туризмді дамытуға және ерекше іс-шараларды ұйымдастыруға деген талпынысты көрсетері сөзсіз.

Қыс мезгілінде Бурабай жұртшылықты саф таза ауасымен, коньки, шаңғы тебу, орманда серуендеу, мұзда балық аулау сынды маусымдық қызықтарымен баурайды. Бурабайдың қыс мезгіліндегі сұлулығы туралы айтудың өзі артық, ол кез келген фото топтамаға лайық. 

Туристерге тартымды жерлердің кейбіріне тоқтала кетсек, BurabayLand отбасылық ойын-сауық саябағында жұртшылық ертегі әлеміне түскендей күй кешеді. Көптеген турист үшін бұл саябаққа жыл сайын келіп тұру дәстүрге айналған. 

Туристер қарасы үзілмейтін жер – бұғы-марал фермасы. Күн сайын мұнда мектеп оқушылары үшін экскурсия ұйымдастырылып тұрады, балалар бұғыларды көріп, ұлттық тағамдардан ауыз тиеді, салт-дәстүрлерімізбен танысады. Ферма аумағындағы Пантотерапия орталығында қолданылатын емдік дәрі де осы жерден алынады. Бұл өнімнің пайдалы қасиеттері көп, ең бастысы - иммундық жүйені нығайтады. Сондай-ақ жергілікті табиғаттың дәмі - саңырауқұлақ, жидек, түрлі емдік шөптердің жиынтығын сатып алуға болатын ауылшаруашылық фермасы да бар. Бурабай курортында үлкенге де, кішіге де демалуға, көңіл көтеруге керек қызықтың бәрі бар.

Айта кетсек, бұдан бұрын қысқа әзірлік барысында «Бурабай» ұлттық паркінде 470 тонна шөп және 135 мың бума жапырақ дайындалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар