Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында 32 мың қарағай көшеті егілді

Бурабай
Фото: ҚР ПІБ «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында 4,07 гектар аумаққа 32 мың қарағай көшеті отырғызылды. 

 Аталған науқанға «Бурабай» ұлттық паркі, «Оқжетпес» шипажайы, «Бурабай Даму» ЖШС және «Қарасу» ШЖҚ РМК ұжымдары қатысты. 

– Мұндай бірлескен экологиялық акциялар өскелең ұрпаққа жерімізді баптау, тазалық сақтау және табиғатты қорғауды үлгі етудің тамаша мүмкіндігі. Оның үстіне осындай ортақ жұмыс адамдарды ұйыстырады, - дейді «Оқжетпес» ЕСК» АҚ жалпы мәселелер жөніндегі вице-президенті Бірлік Баржақсымов.

Бурабай
Фото: ҚР ПІБ «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметі

Өз кезегінде «Бурабай Даму» ЖШС мультимедиялық интерактивті кешенінің гиді Бақытгүл Жолдасова да «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы тамаша бастама екенін жеткізді. 

– Бүгін құлшыныспен жұмыс істедік! Тал егуге, орман алқабын ұлғайтуға үлес қосқан, талмай еңбектенген адамдар оны ешқашан бүлдірмейді, отамайды деп ойлаймын. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы тамаша бастама деп есептеймін. Осындай іс-шаралар табиғатты аялап, жауапкершілікті күшейту үшін адамдардың күш-жігерін біріктіреді, - деген пікірін білдірді «Бурабай Даму» ЖШС мультимедиялық интерактивті кешенінің гиді Бақытгүл Жолдасова.

Ал, «Бурабай» МҰТП орман өсіру инженері Әлия Әбдірахманова ұлттық парк ұжымы жасыл желекті алқапты ұлғайту және орман өсірудің кешенді жоспары аясында жыл сайын жас шыбықтарды отырғызу жұмыстарын жүргізетінін айтты. Ол сондай-ақ биылғы іс-шараға ерікті көмекшілер келгенін атап өтті. 

Бурабай
Фото: ҚР ПІБ «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметі

2024 жылдың 8 сәуірінен бастап «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінің 30 құрылымдық бөлімшесінің бірлескен күшімен кордондарға іргелес аумақтарда санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілгенін, 180 текше метр қоқыс шығарылғанын айта кеткен жөн.

– Қазақстанның түкпір-түкпірінде экологиялық шараларды өткізу жақсы дәстүрге айналып келе жатқанына қуаныштымын. Бұл, әрине, патриотизм мен дұрыс экологиялық тәрбиені қалыптастырады, - деп атап өтті «Бурабай» мемлекеттік ғылыми-өндірістік кәсіпорнының директоры Сергей Быков.

Бурабай
Фото: ҚР ПІБ «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметі

Оның айтуынша, мамыр айының соңына дейін Ұлттық парктің Ақылбай, Бурабай, Приозерный, Золотобор, Мирный, Жалайыр орман шаруашылықтарында тағы 800 мыңға жуық ағаш егіледі. Жаңа орман екпелерінің жалпы ауданы 104,6 гектарға жетеді. Жалпы, жыл соңына дейін Ұлттық парк ұжымы 832,2 мың ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.

Бурабай
Фото: ҚР ПІБ «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметі
Соңғы жаңалықтар