Бурабай мен Сығанаққа арналған жаңа монеталар айналымға шығады
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк «Қазақстанның інжу-маржандары» сериясынан — «BURABAY», «Қазақстанның ежелгі қалалары» сериясынан — «SYǴANAQ» және «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан — «ТМД 35 жыл» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады.
Коллекциялық монеталар 2026 жылғы 20 шілдеден бастап ҚҰБ интернет-дүкені арқылы сатылады.
Бурабай — қарағайлы ну орман, кәусар көлдер мен алып гранит жартастардың аясында орналасқан Қазақстанның ең көрікті табиғи аймақтарының бірі. Өлке өзінің бірегей табиғи ландшафтымен, шипалы таза ауасымен және Оқжетпес пен Жұмбақтас сынды көрнекті нысандарымен дараланады. Таңғажайып табиғаты, бай тарихи-мәдени маңызы мен көне аңыздары өзара үйлесім тапқан Бурабай — еліміздің басты табиғи көрікті жерлерінің бірі ретінде бағаланып, ең танымал туристік мекенге айналды.
«BURABAY» монетасы түрлі-түсті баспа және интерференциялық құбылмалы қабат қолдану технологиясымен 925 сынамды күмістен дайындалған. Салмағы — 31,1 грамм, өлшемі — 45×30 мм, дайындау сапасы — «рrооf». Номиналы 1 000 теңгелік туынды 2 000 (екі мың) дана таралыммен шығарылды.
Сығанақ — қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан, Ұлы дала тарихындағы ең ірі әрі айбынды ортағасырлық шаһарлардың бірі. XIII–XV ғасырларда бұл қала Ұлы Жібек жолының тоғысқан торабында тұрып, аймақтың басты сауда, қолөнер және мәдениет ошағына айналды. Бүгінде Сығанақ қалашығы — Қазақстанның ең құнды археологиялық қазыналарының бірі ғана емес, сонымен бірге бабалар негізін қалаған ортағасырлық қала мәдениетінің өркендеу үлгісін паш ететін ұлы тарихтың тірі куәсі.
«SYǴANAQ» монетасы алтын жалатылып, 925 сынамды күмістен дайындалған. Салмағы — 24 грамм, диаметрі — 37 мм, дайындау сапасы — «рrооf». Номиналы 1 000 теңгелік туынды 1 000 (бір мың) дана таралыммен шығарылды.
2026 жылғы 8 желтоқсанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) құрылғанына 35 жыл толады. ТМД — іргесі 1991 жылы қаланған, бұрынғы КСРО құрамында болған бірнеше мемлекеттің өзара ықпалдастығын арттыруды көздейтін аймақтық халықаралық ұйым. Осы жылдар ішінде достастық аясында мүше мемлекеттер экономика, гуманитарлық байланыс, мәдениет және құқық саласында тығыз серіктестік орнатып, мемлекетаралық маңызы бар түйткілді мәселелерді өзара үйлестіріп келеді. Ұйым қызметі мемлекеттердің дербес теңдігі мен тәуелсіздігін құрметтеу қағидаттарына сүйенеді.
Монета түрлі-түсті баспа қолдану технологиясымен 925 сынамды күмістен дайындалған. Салмағы — 31,1 грамм, диаметрі — 38,61 мм, дайындау сапасы — «рrооf». Номиналы 1 000 теңгелік туынды 1 000 (бір мың) дана таралыммен шығарылды.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдегі барлық банктің банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.