Бурабай ұлттық паркінде өрт шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орман өрті шықты. Тілсіз жау жедел оқшауланып, толық сөндірілді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Министрліктің мәліметінше, 11 қазанда Қазақстан бойынша бір орман өрті тіркелген. Өрт Ақмола облысындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында болған.
Өрт даладағы жалынның мемлекеттік орман қоры жерлеріне таралуы салдарынан шыққан.
Оны сөндіруге мемлекеттік орман мекемелерінің күштері мен құралдары, сондай-ақ «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әуе десанттары жұмылдырылды.
– Өрт ошағы анықталған сәттен бастап жедел хабарлау жүйесі арқылы қажетті күштер мен құралдар оқиға орнына уақытылы жеткізілді. Соның нәтижесінде өрт қысқа мерзімде оқшауланып, толық сөндірілді, – деп хабарлады министрлік.
Ведомство өрт қаупі жоғары кезең әлі аяқталмағанын ескертіп, азаматтарды табиғат аясында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін де Бурабай ұлттық паркінде найзағай түсуі салдарынан орман өрті шыққан болатын. Өрт ошағы ерте анықтау жүйесінің көмегімен дер кезінде анықталып, сөндірілген.