«Бурабай» ұлттық паркінде уылдырық алу үшін ақ балық тұқымдас балықтар ауланбақшы
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – «Бурабай» МҰТП 2024 жылғы 11 қараша мен 30 желтоқсан аралығында Шортанды көлінен ақбалық тұқымдас пайдабалық (пелядь) және рипус (көкшұбар) балықтары көбейту үшін ауланатынын хабарлады.
Балық аулауды «Бурабай» МҰТП жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бөлімінің қызметкерлері жүзеге асырады. Олардың уылдырығы Зерендідегі балық шаруашылығы кәсіпорнында инкубацияланып, кейін майшабақтар Ұлттық парк аумағындағы көздердің айдынына жіберіледі.
«Бұл іс-шара ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің „ЕҚТА-да балық аулау көлемін бекіту туралы“ 2024 жылғы 4 шілдедегі № 27-4/174 нқ бұйрығы негізінде, сондай-ақ Ұлттық парк үшін Балық шаруашылығы ҚазҒЗИ Солтүстік филиалының мамандары әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес ұйымдастырылып отыр», — делінген «Бурабай» МҰТП хабарламасында.
Сондай-ақ, 11 қарашадан 11 желтоқсанға дейін «Бурабай» МҰТП көлдерінде қауіпсіз қалың мұз жамылғысы пайда болғанға дейін спорттық-әуесқойлық балық аулауға жолдама сату тоқтатылатыны хабарланды. Бұл жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін қажет. Ауа-райына байланысты балық аулауға тыйым салу мерзімі ұзартылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін СҚО-да балық шаруашылығымен айналысатын үш жоба жүзеге асатынын жазған болатынбыз.