«Бурабай» ұлттық паркінде Smart-Burabay жүйесінің арқасында 18 өрт сөндірілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл «Бурабай» ұлттық паркінде Smart-Burabay жүйесінің арқасында 18 өрт сөндірілді. Бұл туралы «Бурабай» МҰТП Жедел басқару орталығының бастығы Асылхан Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың 1 желтоқсанында «Бурабай» ұлттық паркі аумағына Smart-Burabay цифрлы жүйесі орнатылды. Жүйе камера, діңгек, контейнер, күн панелі және генератордан тұрады әрі күн мен жел энергиясы арқылы дербес жұмыс істейді. Генератор қысты күні күн сәулесі нашар түскен, жел болмаған кезде қажет. Яғни, батарейка отырып, электр энергиясы болмай қалғанда генератор автоматты түрде іске қосылады», - деді орталық бастығы елордадан парктің өртке қарсы іс-шараларымен танысу үшін келген БАҚ өкілдеріне.

«Ақылды» жүйенің жұмыс принципіне қысқаша тоқталған оның айтуынша, биік мұнараның басындағы камерамен орманның түкпір-түкпірі бақыланады. Объективтің «назарына» түтін немесе басқа да күдікті кадр ілінсе, цифрлы жүйе оны қызыл контурмен белгілеп, Ұлттық парктің тәулік бойы жұмыс істейтін жедел басқару орталығына жібереді. Орталықтың кезекші диспетчерлері төтенше қызметке хабарлайды.

«Биыл парк аумағында 18 өрт болып, қызыл жалын жедел сөндірілді. Өрт шығуының негізгі себептері – табиғи факторлар. Көбіне жай түсіп жатады. Бір күнде 8 жерден өрт шыққан сәт болды. Ағашқа түскен жай үш бойы шоқтанып жатып, жел соққанда өршіп кететін жағдай да болады. Сонымен қатар биыл осы жүйенің арқасында орманда өрт қауіпсіздігін сақтамаған 2 адамды ұстадық. Тауға демалуға келген адамдар от жағып, түтін шыққан сәтте жүйе бірден тіркеуге алған. Бірден, оқиға орнына орманшылар аттанып, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл рәсімдеді. 2020 жылы бұлан атқан браконерьді де осы жүйенің көмегімен қолға түсірдік. Ол 3 жылға сотталып, 6 млн 250 мың теңге шығын өтеді», - деді Асылхан Ахметжанов.

Орталық басшысы жүйенің арқасында «Бурабай» ұлттық паркі аумағында өрт саны еселеп қысқарғанын айтады.

«2019 жылы 80 гектар жер өртенсе, биыл не бәрі 0,5 гектар жерді ғана қызыл жалын шарпыды. Осы жүйенің арқасында өрт болатын аумақ 4 есе, шығын 4 есе қысқарды. Ал қызыл жалынға қарсы шұғыл әрекет ету уақыты 15 есеге жақсарды», - деді ол.

ҚР Президенті Іс басқармасына қарайтын «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи аумағы 129 мың гектардан астам жерді алып жатыр. Аумақта цифрлық жүйе орнатылған 13 мұнара бар. Осы циффрлық жүйенің көмегімен Ақылбай, Бурабай, Жалайыр сияқты барлығы 9 орман шаруашылығында тұтанған өрт тез арада сөндіріліп, жалын бар болғаны 0,5 гектар жерді шарпыған.

Бұдан бөлек, 8 ай ішінде табиғат қорғау заңнамасына қайшы 51 оқиға тіркеліп, Ұлттық парк аумағында сақталатын ереже 46 мәрте бұзылғанын айта кетейік. Тәртіп бұзғандарға 440 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Заңсыз ағаш отау (3), балық аулау (1) және браконерлікпен айналысу (1) фактілері бойынша 5 қылмыстық іс қозғалды.


Соңғы жаңалықтар