«Burabay Women's Synergy» форумы: үздік кəсіпкер әйелдер марапатталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабайда Ақмола облысының іскер әйелдерінің «Burabay Women's Synergy» форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Burabay Women's Synergy» форумы: үздік кəсіпкер әйелдер марапатталды

«Айнакөл» қонақ үйінде ұйымдастырылған шараға «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиев, Ақмола облысы бойынша іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлмира Құсайын, облыс және еліміздің әр өңірінен келген іскер әйелдер қатысты.

«Ақмоладағы іскер әйелдер кеңесінің құрылып, жұмыс істей бастаған қиын жолы əлі есімде. Бүгінгі өзіміз көріп отырғандай өңірде бизнес ханымдарды қолдауға зор көңіл бөлініп келеді. Бұл əрине, біздерді қуантады. Жылдан жылға қатарымыз көбейіп келеді...», деді Ләззат Рамазанова.

Форумда Ақмола облысы бойынша кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің жұмысы туралы Гүлмира Құсайын айтып берді.

Оның сөзінше, аталған есептік кезеңде облыста біраз шаруа тындырылды. «Бастау» бағдарламасы бойынша 420, «Бизнес-кеңесші» - 750, «Іскер байланыс» 63 əйел курстан өтсе, 38 бизнес ханым Назарбаев университетінде топ-менеджмент бойынша оқыды. Жалпы, Ақмола облысында кəсіпкер әйелдердің үлесі 60 пайызды құрайды.

«Белсенді ақмолалық әйелдердің іскерлігіне таң қалмауға болмас. Өйткені, бүгінде нәзік жандар түрлі салада ерлермен қатар еңбек етіп, белсенділік танытып жүр», деді Гүлмира Құсайын.

Жиында үздік кəсіпкер əйелдер «Атамекен» ҰКП, Ақмола облысы əкімдігі жəне өңірлік кəсіпкерлер палатасының Алғыс хаттарымен марапатталды.