Бурабайда алғаш рет жаппай жүзуден жарыс өтті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Щучинскі-Бурабай курорттық аймағында «Burabay Swim 2018» атты жаппай жүзуден алғашқы сайыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығына сілтеме жасап.
Бурабай ауданындағы Бурабай көлінде Қазақстандағы алғашқы «Burabay Swim 2018» атты жаппай жүзуден жарыс өтті. Ол Oceanman және X-Water сынды әлемдік жүзу сайыстарының аналогы ретінде ұйымдастырылды.
«Burabay Swim 2018» «Four seasons» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде, сондай-ақ, елорданың 20 жылдығына орай өткізіліп жатыр. Шараның негізгі мақсаты - спортпен жаппай айналысуға шақыру, халықты салауатты өмір салтына бейімдеу, жүзуді ұнататын адамдардың спорттық шеберліктерін жетілдіру мен ішкі және кірме туризмді дамыту болды», - дейді ведомствода.
Жүзу сайысына қатысушылар 1 немесе 4,5 шақырым (қалауы бойынша) қашықтықты жүзіп өткен.
Ең жас астаналық қатысушы Тимур Стенин - небары 17 жаста, ал 51 жастағы Алмаз Жәкеев - қатысқандардың ішіндегі ең ересегі болды.
Қарағандыдан келіп қатысқан Александр Иоцус 4,5 шақырымға жүзуден 1-орынды жеңіп алды. Ол бұл қашықтықты 56 минут, 2 секундта жүзіп өтіп, ең үздік нәтиже көрсетті. 2-ші орынды астаналық Дмитрий Деревянко алса, оның жерлесі Екатерина Руденко 3-ші орынға жайғасты.
1 шақырымға жүзуде Петропавл қаласының тұрғыны Дарья Кутикова көш бастады. Ол бұл қашықтықты 17 минут 46 секундта жүзіп өтті. 2-ші орынды Қанат Жанатов жеңіп алды. Ал астаналық Мұхамед-Қайдар Исмағұлов 3-ші орынға жайғасты.



