Бурабайда демалушыларды қандай қызықтар күтіп тұр

БУРАБАЙ. ҚазАқпарат – Енді Бурабайда демалысты алдын ала ұйымдастыру және өткізу процесі жеңілдей түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бурабайда демалушыларды қандай қызықтар күтіп тұр

ҚР Президентінің Іс Басқармасына қарасты «Бурабай Даму» ЖШС, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы және «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірлесіп Бурабайға саяхатшыларға арналған жаңа жобаны іске қосты.

Атап айтқанда, 6 вагонды «Астана - Көкшетау» бағытындағы электр пойызының 2 вагоны жаңа жыл мерекесі қарсаңында арнайы безендірілді. Ұлттық және мерекелік стильде безендірілген вагондар кеше жолға шықты.

Мақсат – жолаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау және туристерді тарту. Аталған бағыттағы электр пойызымен жол-жөнекей Бурабайға жетуге болады.

Демалысын Бурабайда өткізуді жоспарлаған жандар үшін тағы бір жаңашылдық «1405» Call орталығы немесе +7701 092 14 05 ұялы телефоны арқылы алдын ала брон жасап, электр пойызы билетіне тапсырыс беруге болады.

Мысалы, Бурабайға келушілерге арналған «Сантаға саяхат» атты бір күндік тур бар. Құны ересектер үшін - 10 мың теңге, ал балаларға - 9 мың теңге.

Бір күндік турдың ішіне 3 рет тамақтану, Санта резиденциясы мен Бурабай курорты аумағында саяхаттау және ұлттық паркті аралау кіреді.

Айта кететін жайт, Бурабайға жету және кері қайту жолпұлы тур құнының ішіне кірмейді. Сол сияқты қосымша шығындар да келушінің өз қалтасынан өтеледі.

«Қоңырау күн сайын жұмыс уақытында қабылданады. Хабарласу барысында Бурабайға қанша күнге келетініңізді, қандай демалыс түрі қызықтыратынын және қанша адам екенін айтасыз. Одан әрі мамандар сізге демалыс түрлері мен орындарды ұсынады. Сол сияқты электр пойызына Бурабайға дейін және кері қайту билетіне тапсырыс бере аласыз. Яғни өзіңіз барып билет алып жүрмейсіз. Бастысы уақытын айтасыз, жеке куәлікті ұсынасыз және билет құнын төлейсіз», - деді «Бурабай даму» ЖШС өкілі Әсем Мукумова.

БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында Бурабай курортының бірнеше демалыс нысаны таныстырылды.

Соның бірі - Зеленый бор ауылындағы «Ақ марал» орман фермасы. Ол жерде марал шаруашылығымен айналысады.

Келушілерге қонақ үй қарастырылған және экоөнімдер ұсынады. Аталған шаруашылықтың басты ерекшелігі – пантоемдеу орталығы жұмыс істейді.

Сондай-ақ, емдік және ағзаға пайдалы марал өнімдеріне қол жеткізу мүмкіндігі бар.

«Алдын ала хабарласып, орын брондауға болады. Орталық жыл бойы жұмыс істейді. Дегенмен туристер мен емделушілердің дені жаз мезгілінде келеді. Сонымен қатар экскурсия ұйымдастырылады. Оның барысында келушілер орманды аралап, маралдарды қызықтай алады. Балаларға арналған бөлек экскурсия бар. Бұл жердің ерекшелігі - демалып әрі емделуге болады. Бағаға келсек, тәулігіне адам басына 16 мың теңге тұрады. Оның ішіне күніне 4 рет тамақтану және жатын орын кіреді», - деді «Ақ марал» орман фермасы және марал шаруашылығының жетекшісі Радик Ашимов.

Одан әрі баспасөз туры қатысушылары ҚР Президентінің Іс Басқармасы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарасты ормандарды аралады.

Аталған аймақ мемлекеттің ерекше қорғауында.

Ұлттық парк аумағында 1400-ге жуық бұғы бар. Одан бөлек, марал, елік, қасқыр, қабан, түлкі және тағы басқа жабайы аңдар кездеседі.

Бурабайға саяхаттаушыларға күтіп тұрған тағы бір қысқы қызық – қазақстандық Лапландия немесе Санта Клаус резиденциясы.

Қысқы демалысты жоспарлаған жандар үшін таптырмайтын мекен.

Аталған туристік нысанға маусым ішінде 5 мың саяхатшы келеді екен.

Олардың арасында отандық туристермен қатар Үндістан, Египет, тіпті Лапландияның отаны Финляндиядан арнайы келгендер бар.

«Келушілерге Санта резиденциясы бойынша «Әлемнің жеті кереметі» атты экскурсия ұйымдастырылады. Экскурсия барысында тамашалаушыларды эльфтер әлемі мен Санта Клаус күтеді. Айтпақшы, Санта Клаусқа тілек хатын қалдыруға болады. Резиденция аумағында басқа да қызықтар бар. Мысалы, хаски және бұғыға жегілген шанамен сырғанауға болады. Сонымен қатар жергілікті шаман бар, ол туристерді өз мекенімен таныстырып, шаман дәстүрі туралы әңгімелеп береді. Одан бөлек, пониға мініп және квадроциклмен серуендеу қарастырылған. Қазақстандық Лапландия жыл сайын қарашаның ортасынан бастап, келер жылдың сәуіріне дейін жұмыс істейді. Әрине, туристер ағыны желтоқсанда жоғары, өйткені жаңа жыл мерекесі», - деді Қазақстандық Лапландия кешенінің экскурсия жетекшісі Оля Усенко БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында.

Айта кетсек, Ақмола облысы Бурабай аудандық әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, биыл 11 айда аталған курортты аймаққа 550 мыңға жуық турист келген. Салыстыра қарасақ, 2021 жылы Бурабайға 300 мың адам саяхаттапты.


Француздар жанармай бағасының қымбаттауына байланысты алыс сапарлардан бас тартты
Ұқсас жаңалықтар

Француздар жанармай бағасының қымбаттауына байланысты алыс сапарлардан бас тартты