Бурабайда ет өнеркәсібі кластерін дамыту мәселесі талқыланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Бурабайда ірі компания басшыларының қатысуымен ет өнеркәсібі кластерін дамыту туралы «Макинск. Дамудың жаңа аумағы» атты бинес-форум өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде аймақ басшысы Е.Маржықпаев пен «Аitas KZ» АҚ бас директоры Серік Толықпаев Макинск құс фабрикасын қосудың екінші кезеңін жүзеге асыру мәселесін талқылады. Оны іске қосу үшін өндірістік инженерлік инфрақұрылымның құрылысын жүргізу қажет. Тараптар осы мәселені шешу жолдарын жан-жақты қарастырды.

Жылдық қуаты 50 мың тонна бройлер етін өндіретін Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасын іске қосу өңірге 46 миллиард теңге инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, 900-дан астам жаңа жұмыс орнын ашуға, Бұланды ауданы бойынша орташа еңбекақы көрсеткішін 30 пайызға арттыруға ықпал етті.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы Түркияның «Сukurova» компаниясы тобының бас директоры Иса Доганлимен кездесті. Кездесуде Бұланды ауданы аумағында жаңа қағаз-қорап фабрикасын салу мәселесі талқыланды. Картон өнімдерін шығаратын бұл компания Макинск құс фабрикасының қағаз қораптарға деген сұранысын қанағаттандырар еді.

Бүгінгі күні Макинск қаласы қарқынды дамып келеді. Ақмола облысының дәл ортасында, тоғыз жолдың торабында орналасқан табиғаты әсем қаланың инвесторлар үшін мүмкіндігі зор.

«Макинск құс фабрикасы облыс экономикасын одан әрі дамытудың локомотивіне айналады. Қазірдің өзінде фабриканың өндіріс қуаты өңірде шағын және орта бизнестің дамуына серпін берді. Бізге осы сияқты жобалардың барлығы қымбат, біз оларға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз», деді аймақ басшысы Ермек Маржықпаев бизнес-форумда сөйлеген сөзінде

Шараға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, «Аitas KZ» АҚ директорлары кеңесінің тәуелсіз мүшесі Болат Жәмішев, Аitas KZ, КUSTO GROUP, Евразия Агро Холдинг компанияларының басшылары, мемлекеттік сектор және бизнес өкілдері қатысып, ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде Солтүстік Қазақстан аумағында етті өнеркәсіп кластерін құру мәселелерін талқылады.

Бизнес-форум қорытындысы бойынша Ақмола облысы әкімдігі мен «Аitas KZ» АҚ арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар