Бурабайда Еуразияның құс өсірушілері бас қосты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабайда Қазақстанның құс өсірушілер одағы мен Еуразия құс өсірушілер қауымдастығының бірлескен форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шара Бұландыдағы құс фабрикасының ашылуына орай ұйымдастырылып отыр. Формумға Германия, Израиль, Нидерланды, Польша, Испания, Бельгия, Қытай және ЕАЭО пен ТМД елдерінен 250 өкіл арнайы шақырылған. Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ақмола облысы мен Бурабай ауданының, «ҚазАгро» және «Бәйтерек» ұлттық холдингтік компаниялары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, салалық кәсіподақтар, ғылыми-зерттеу және жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Форум Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин және «Aitas-RZ» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Толықпаевтың құттықтау сөзімен ашылды.
«Қазіргі күні мұнда ірі бес кәсіпорын жұмыс істейді. Жалпы, облыс еліміздің құс өнімдеріне деген сұранысының 20 пайызын өтеп отырғаны сала тиімділігін білдіреді және болашағының зор екендігін айқындайды. Облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті де артып келеді. Ал, уақыттың өскелең талаптарына толық жауап беретін «Макинск құс фабрикасының» біздің өңірде орналасуы ақмолалықтар үшін үлкен мерей және мемлекетіміздің стратегиялық саясатының баяндылығын көрсетеді. Сіздерге және форум жұмысына табыс тілеймін»,-деді Мәлік Мырзалин.
Форумның пленарлық сессиясында Қазақстан құс өсірушілер одағының басқарма мүшесі, «Алель Агро» АҚ басқармасының төрайымы Рәзия Жатақпаева, Ресей құс өсірушілер одағының президенті, академик Владимир Фисинин, «Орта Серт» ЖШС сертификацияланған органының директоры Төлеген Шанқұлов, РФ «МегаМикс» ААҚ технологиялық бөлімінің басшысы Сергей Иванов, «TITAN Agro Kazakhstan» ЖШС коммерциялық директоры Наталья Лежневаның тақырыптық баяндамалары тыңдалды.
Бурабай форумында ветеринарлық медицина докторы Martynas GEHYS (Франция), Словения ғылым академиясы маркетинг қызметінің басшысы Urbancic Ales, ветеринария және ауыл шаруашылығы бөлімшесінің директоры Bulent Kukurtcu (Испания), инженер-биотехник Гаймард Марина (Франция), Бельгиялық INNOYAD компаниясының өкілі, ғылым докторы Арвидас Сирвидис, «Бионика» компаниясының директоры Сергей Ермолаев әлемдік кеңістіктегі құс өсіру индустриясы және оның өзекті мәселелері жайлы ойларымен бөлісті.
Айта кетейік, еліміздегі 55 кәсіпорынның 30-ы жұмыртқа, 17-сі құс етін өндірумен айналысады. Бұған қоса, 8 асыл тұқымды құс шаруашылығы табысты жұмыс істеуде. Еліміздің құс өсірушілер одағы мемлекеттік қолдау аясында «Құс өсірудің 2018-2027 жылдарға арналған салалық бағдарламасын» әзірлеген. Бұл бағдарламалық құжат құс етін өндіру көлемін 500 мың тоннаға, жұмыртқа алуды 7 миллиард данаға жеткізуді көздейді. Олардың арасында Ақмола облыс аумағындағы «Ижевский» өндірістік коопертиві» ЖШС, «ҚазГерҚұс» ЖШС, «Целиноград құс фабрикасы» ЖШС, «Үш бұлақ» ЖШС, «АгроИнвест 2015» ЖШС, «CAPITAL PROJECTS» ЖШС жылдан жылға өндіріс көлемін ұлғайтып, отандық құс шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосып келеді.