12:11, 25 Шілде 2020 | GMT +5
Бурабайда қоқыс өңдейтін зауыт салынады
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат – Бурабай демалыс аймағында қоқыс өңдейтін зауыт салынады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған республикалық рейд барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл соңына дейін Бурабай ауданы, демалыс орны және Щучинск елдімекенінен шығатын қоқыс-қалдықты өңдейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Зауыт инвестордың есебінен салынады және ол үшін 200 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалмақ. Тағы бір айта кететін жайт - зауыт тек қана қоқысты тазалап қана қоймай, оны сұрыптап, өңдейді», - дейді Ақмола облысы Бурабай ауданы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет Рахымжанов.
Бөлім басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Бурабайдағы қоқыс полигонында 60 мың текше метр қоқыс жатыр.
Айта кетсек, бұған дейін еліміздегі демалыс орындарының тазалығын бақылайтын республикалық рейд басталғанын хабарлаған болатынбыз.