Бурабайда көлге мұнай өнімдері төгілгені рас па

лас су
Фото: видеодан скрин

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Бурабай ауданының әкімдігі Щучье қаласында көлге мұнай өнімдері төгілгені туралы видеожазбаға түсінік берді.

«Бурабай ауданының әкімдігі көлге ластанған су төгілмегенін хабарлайды. „Жаңа Тұрмыс 2020“ ЖШС ақпаратынша, 2019 жылы № 20 қазандыққа төгу кезінде арыққа мазут құйылды. Су тасқыны кезінде жерасты суының көтерілуіне байланысты құрғақ жырада мазут құйылған жерде топырақ жуылды, салдарынан ластанған топырақ тоғанға түсті. Ақмола облысы бойынша экология департаменті 24 мамырда тексеру жүргізді, қорытындысы бойынша осы жылдың 1 шілдесіне дейін ремедиация жоспарын әзірлеу жөнінде нұсқама берілді», — деп түсіндірді әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Айтуынша, бүгінгі күні «Жаңа тұрмыс — 2020» ЖШС мен мамандандырылған лицензияланған «ЭкоПромБурабай» ЖШС кәсіпорны бірлесіп жоспар әзірлеп жатыр.

Ол биылғы 28 маусымда Ақмола облысы бойынша экология департаментіне тапсырылады, жоспар бекітілгеннен кейін оны орындау бойынша шаралар қабылданады.

«Ремедиация жоспары мамандандырылған кәсіпорынның аумағында еріген су деңгейін төмендету, су бұру, су ағынын сүзу, мұнай өнімдерімен ластанған топырақты алу және жою жөніндегі іс-шараларды көздейді», — деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын «Бурабай-Даму» ЖШС ұжымы «Таза бейсенбі» акциясына қатысқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
telegram