Бурабайда туристерге қызмет көрсету сапасы қашан жақсарады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Бурабайда туристерге қызмет көрсету сапасы қашан жақсаратындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері Бурабайдағы туристерге көрсетілетін қызмет сапасының төмендігін, бағасы тіпті Еуропалық туристік орындармен пара-пар екендігін айтып, оның қашан түзелетіндігін сұраған болатын.
«Бұл ахуалды түзеп, туристердің үлкен легін тарту үшін Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың түбегейлі жаңа әдісі қабылданды. Бірінші кезекте, ішкі және жол бойында көрсетілетін қызметтер жақсартылатын болады», - деді ол.
Оның айтуынша, Бурабайда туристер үшін жайлылықты қамтамасыз ететін жаңа нысандар салынатын болады. Мұнан бөлек, Бурабай көліне қарағанда туристер арасында кеңінен танымал емес Үлкен және Кіші Шабақты көлдерін абаттандыру жоспарланған.
«Меніңше, 2018-2019 жылдары Щучье-Бурабай курортты аймағындағы ахуал мүлдем басқаша болып, жақсы жағына қарай өзгеретін болады», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Айта кетейік, еліміздегі туризмді дамыту мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты барысында министр Жошы ханның қайда жерленгенін өзгелердің білмеуі өзіміздің кемшілігіміз екендігін атап өткен болатын.
Сонымен қатар ол Щучьедегі трамплин кешені құрылысы қашан аяқталатынын айтты.