Бурабайда туризм маусымының ашылуына дайындық жүргізілуде
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен Бурабай курортының жазғы маусымға дайындығы пысықталған мәжіліс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшылары, «Бурабай» ұлттық паркі мен туристік бизнес өкілдері қатысқан жиында алдымен Бурабай ауданының әкімі Қанат Қарауыловтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, курортты өңірде жылдан жылға туристік инфрақұрылымдардың саны артып келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бері 70 адамға арналған «Архей» сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Сондай-ақ, 100 орындық қонақ үй кешені, отель, мәдени-тұрмыстық және көңіл көтеру нысандарының құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, 14 гектар аумаққа әлеуметтік-мәдени, спорттық-сауықтыру, сауда-ойын сауық, қонақ үй тәрізді туристік нысандар салу жоспарда бар.
Сонымен қатар, «Бурабай даму» ЖШС бірыңғай байланыс орталығының басшысы Азамат Баймұқанов пен «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясының басшысы Қазбек Ескендіровтың баяндамалары тыңдалды.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы жазғы маусымды ашуда туристік нысандардың дайындығын толық қамтамасыз етуде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Оған қоса, ІІД мен ТЖД суға шомылу кезінде қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етуді жүктеді.
Осы күні Мәлік Мырзалин «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ашылған Бурабай кентінің тарихи мұржайы мен «Жайлау» этно ауылын аралап көрді.