Бурабайда «VeloBurabay-2018» веломаусымы ашылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқының Бірлігі күні мен Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында Щучинск-Бурабай курортты аймағында «VeloBurabay-2018» веломаусымының ашылу рəсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шараға «Көкше» велоқауымдастығының мүшелері, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, мемлекеттік қызметшілер, Астана, Көшетау қалалары мен Бурабай ауданынан жиналған барлығы 300-ге жуық велосипедші қатысты. Қатысушылардың арасында үстіне көк жейде киіп, велосипед мініп жарыс жолына шыққан аймақ басшысы Мəлік Мырзалин жиналғандарды Қазақстан халқының Бірлігі күні мерекесімен құттықтап, спортшыларға табыс тіледі. Сондай - ақ, мұндай шаралар курортты аймақта жаз бойы жалғасатынын атап өтті.
«Бурабай Land» ойын-сауық паркін қайта жаңарту жұмыстары жақында аяқталады. Бұдан бөлек, курортты аймақта басқа да жаңа ғимараттар бой көтеруде. Мұның барлығы да демалушыларға қолайлы жағдай туғызу үшін жасалып отыр», - деді М.Мырзалин.
Облыс əкімі бастаған веложарысқа қатысушылар аталған демалыс орнының алаңынан Ақылбай асуына дейін 28 шақырым жолдывелосипедпен жүріп өтті.
Сондай-ақ, велошеру аясында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті ұйымдастырған «Сенің денсаулығың - сенің қолыңда», «Белсенді қимыл - денсаулық кепілі» атты акциялары да өткізілді.


