Бурабайда жаңа курорт аймағы ашылады
Әкімнің айтуынша, облыста туризм саласында 65 инвестициялық жоба іске асырылып, сол арқылы 200 жұмыс орны құрылған.
«Туризм – экономиканы дамытудың негізгі салаларының бірі болып қала береді. Бүгінгі таңда біз Қазақстандағы туризмді дамытудың бес драйверінің қатарына кіреміз. Шучье-Бурабай курорт аймағы облысымыз бойынша турист көп келетін көшбасшы саналады. Бұл - біздің аймаққа келетін бүкіл туристердің 85 пайызы. Курорттық аймақта 9 мыңнан астам төсек-орны бар 183 нысан жұмыс істейді. Өткен жылы онда 1 миллионнан астам турист келген», -деді облыс әкімі орталық коммуникациялар қызметінде өткен есептік брифингте.
Ермек Маржықпаев биыл облысқа келетін туристер саны 1 млн 200 мың адамға дейін ұлғаятынын айтты.
«Яғни, біз 200 жұмыс орнын құрып, 23 млрд теңгеге 65 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы турист санын тағы бір ширекке арттырамыз. Оның ішінде «Akbura Resort» курорт аймағы жобасының бірінші кезеңі аясында қонақ үйі бар маңызды нысан – қалалық орталықты ашу жоспарланып отыр. Жалпы биыл Щучье-Бурабай курорт аймағын дамытуға 64,4 млрд теңге бөлінді», - деді Ермек Маржықпаев.