Бурабайда жеміс-жидек пен көкөніс өсірушілердің фестивалі өтті
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде және Дүниежүзілік туризм күніне орай ұйымдастырылған шараға Ақмола, Солтүстік Қазақстан жəне Оңтүстік Қазақстан облыстарынан бау-бақша өсірушілер қатысты. Олар жаңа піскен көкөніс, жеміс, жидек, бал, жаңғақ, саңырауқұлақ жəне балықтан үй жағдайында жасалынған түрлі өнімдер мен консервілер, табиғи шөптерден əзірленген дәрілік шырындар мен қоспаларды ұсынды.
Сонымен қатар, өнімді қалай өсіріп, жинау керектігі, консервілер әзірлеу, декоративті жəне өнімділігі жоғары дақылдарды өсіруде қазіргі заманғы озық технологияларды қалай қолдану қажеттігіне қатысты шеберлік сабақтары өтіп, қатысушылар пікір алмасты.
Байқау жеңімпаздары "Табиғат сыйын дайындау бойынша ең үздік шеберлік сабағы", "Ең үздік көрме жəдігері", " Ең үздік дайындаушы" жəне "Ең жомарт сатып алушы" аталымдары бойынша анықталды.
Үздіктерге дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.