Бурабайдағы Байкал соқпағының күзгі әсем көрінісі көз тартады
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Бурабайдағы Байкал соқпағы — Қазақстандағы жаяу серуендеуге арналған ең көркем және тартымды орындардың бірі. Үлкен Шабақты көлінің оңтүстік жағалауынан айналып өтетін тау соқпағының табиғи сұлулығына жергілікті тұрғындар да, туристер де бірден назар аударады.
Оның Байкал соқпағы аталуының өзіндік ерекшелегі бар. Яғни, жергілікті ландшафтың Байкал көлімен ұқсастығына байланысты аталып кеткен.
Көлдің мөлдір суы, жартасты жағалаулары және керемет қарағайлы ормандары табиғат аясында демалушыларға жайлылық пен тыныштық атмосферасын сыйлайды.
Байкал соқпағы — жабайы табиғаттың тыныштығы мен сұлулығынан ләззат алғысы келетіндер үшін тамаша жол.
Күз мезгілі — орманда серуендейтін жылдың тамаша уақыты.
Соқпақтың ұзындығы оны бір күнде жүріп өтуге мүмкіндік береді, бұл тіпті табиғат аясында демалуды енді үйреніп келе жатқан әуесқой саяхатшылар үшін де таптырмас орын.
Ал тәжірибелі саяхатшылар үшін маршрутты кеңейтуге және көлдер мен оның айналасындағы таулардың керемет көріністерін ұсынатын жақын шыңдарға шығу мүмкіндігі бар.
«Бұл бағыт әсіресе жаяу серуендеп демалушылардың жиі келетін орны. Өйткені сіз мұнда ең әдемі жерлерге табанызды тигізіп қана қоймай, сұлу табиғат аясында демалып, саф ауасын жұтып, тыныштықтан ләззат ала аласыз. Сіздің тыныштығыңызды тек жабайы құстардың әсем әні мен самал жел тербеткен ағаш жапырақтарының сыбдыры ғана бұза алады. Егер сіз қаланың күйбең тірлігінен шаршасаңыз, оңаша демалғыңыз келсе, сондай-ақ, табиғатпен өзара үйлесімділікте болғыңыз келсе, онда сіз Бурабайдағы Байкал соқпағына келіңіз. Бурабайдағы 12-ден астам маршрут сіздің таңғажайып саяхаттарыңызға дайын. Толық мәліметті бізден білуге болады», — дейді «Бурабай даму» ЖШС баспасөз қызметінен.
Айта кетсек, бұдан бұрын Бурабайдағы Кенесары хан үңгіріне қалай саяхат жасауға болатынын жазған едік.